Шымкентте татар және башқұрт этностарының тілі мен мәдениеті күні өтіп, онда аспаздар арасында чак-чак дайындаудан сайыс ұйымдастырылды. Байқауға ескі татар рецептімен дайындалған 10-нан астам тағам ұсынылды.
Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың шарты бойынша тағамның дәмі, дайындау тәсілі назарға алынды. Іс-шараға қатысушылар «Құс тілі», «Орама», «Сәукеле», «Бәйтерек» секілді атау берілген 10-нан астам чак-чак түрінен дәм татып, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға Зульфия Богданова дайындаған «Құс тілі» чак-чагы лайықты деп табылды. Өзге жеңімпаздар алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
— Чак-чак – май мен сүтке иленген қамырдан жасалып, бал араластырылған тағам. Татар ұлттық асханасының мақтанышы саналады. Оны негізінен жас жұбайлардың өмірі балдай тәтті болсын деген ниетпен үйлену тойларында дастарханға қояды. Сонымен қатар, қадірлі қонақтарға ерекше ас ретінде ұсынады, — деді Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухаммедова.
Татар мен башқұрт этностарының тілі мен мәдениетіне арналған іс-шарағада қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев, еңбек ардагері Досыбай Шерімқұлов құттықтау сөз сөйлеп, адамдарды жақындастыра түсетін осындай игі шаралар арқылы елдің береке-бірлігін нығайтудың маңыздылығын сөз етті.
Айта кету керек, бүгінде Шымкентте 10 мыңнан астам татар мен 400-ге жуық башқұрт этносының өкілдері тұрады. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған олар еліміздің әл-ауқатын арттыру жолында түрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі қала көлемінде ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене қатысып келеді.