«Бал текстиль» компаниясының өнімдері қойылған жәрмеңкеде баға нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Ал кілемдердің сан мыңдаған түрі бар. Ал аталған жәрмеңкеден кілем таңдауға қарбалас жұмыстан уақыт тауып қала әкімі Ерлан Айтаханов та келді.

Түкті, тықыр, бір қабатты, қос қабатты. Мұнда кілемнің сан алуан түрі бар. Отандық өнімдерден бөлек түрік, иран, парсының да кілемдері көздің жауын алады. Бағасы да қалтаға салмақ салмайды. Нарықтағы бағадан шамамен 30 пайызға төмен.

Көп кілемнің ішінен іздегенін тауып үлгерген – Ағыбаева Оразгүл. “Жәрмеңкеде кілемдердің бағасы мен өндірушісіне сай бөлек-бөлек орналастырылуы тұтынушылар үшін өте жайлы” дейді.

Оразгүл Ағыбаева, сатып алушы: «Бізге қолжетімді “Бал текстильдің» өнімдері ұнап жатыр. Бағасы әртүрлі. Өлшемі, қалыңдығына қарай бағасы да әртүрлі».

Жәрмеңкедегі көптің ішінен қала әкімі Ерлан Айтахановты да байқадық. Жәрмеңкені толықтай аралап шыққан әкім «Мұнда жаман кілем жоқ» дейді. Ал төмен баға тіпті әкімнің өзін де таңғалдырыпты.

Ерлан Айтаханов, Шымкент қаласының әкімі: «Шаршы метрін қазір 3000 теңгеден сатып жатыр екен. Ал жалпы нарықта 20-30 мыңға дейін барады. Сосын Бельгия елінің брендін осы «Бал текстиль» алып шығарып жатыр екен. Мына сапасынан мен айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Бәрі бірдей керемет».

«Бал текстиль» компаниясы шетелдің үздік брендтерінің үлгісін отандық нарыққа енгізіп қана қоймай, шетелге де экспорттап жатыр екен.

Талғат Ысқақов, «Бал текстиль» ЖШС-нің директоры: «Біз шығарған өнімдеріміздің 26 пайызын экспорттап жатырмыз. Оның ішінде біз Швеция компаниясы арқылы Германия, Англия елдеріне, Ресейдің сауда нүктелеріне шығарудамыз».

Сіз де сапалы әрі арзан кілем сатып алғыңыз келсе, жәрмеңке 3-13 қазан аралығында «Көрме» орталығында өтеді.