Шымкенттегі автобустардың алпыс пайызы ескі. Алайда дәл қазір оларды бағыттан алып тастау да мүмкін емес. Мұндай шешім шаһардағы автобус мәселесін тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының кезекті жиыны қоғамдық көлік мәселесіне арналды.
Миллионды қалада қоғамдық көлік мәселесі шешімін таппай отыр. Автобустар жетіспейді. Тіпті бағыттағы көлік қатынамайтын шағынаудандар да бар екен. Жауаптылар тозығы жеткен ескі автобустардың қатынауын тоқтату туралы шешім шығарса, жағдай мүлдем қиындай түспек.
Мелес Сейтжаппаров, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы: «Дұрыс жұмыс жасамаудың нәтижесі осының бәрі. Жұмыстың барысын басшылық жүйелеуі керек. Бұл жерде кәсіпкерлердің құқықтары тапталып жатыр».
Басқарманың экс — басшысы Қуатжан Жұматаевтың бұйрығына сәйкес «Шымкентбас» ЖШС-не 19 бағытта қызмет көрсету құқығы берілген. Компания жұмысын межелі уақыттан бір ай асырған. Ол үшін 650 мың теңге айыппұл салынды. «Шымкентбастың» тағы да бір қателігі, маршруттық сызбасының жүйесіздігі дейді мамандар. Салдарынан қоғамдық көліктер бір — бірімен жарысып, жүргізушілер арасындағы қақтығыстарға әкеліп отыр.
Өмірзақ Мелдеханов, Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі: «Басшылықты ауыстыру қажет. Алдыңғы басшы кетті ғой, орынбасары барлығын қолға алуы керек. Болған жағдайларда кінәліні іздеп әуре болмай, соның шешілу жолымен күрескен жөн».
Жауаптылар қалада қосымша 10 қоғамдық көлік бағыты ашылатынын айтты. Мамандар бұл шаһардағы автобус мәселесінің шешілуіне ықпал етеді деп үміттенеді.
Гүлнұр Әмірәлі