Украинаның астанасы — Киев қаласында жауынгерлік джиу-джитсу бойынша әлем чемпионаты өтті. Жарысқа әлемнің 25 елінен 200-ге жуық спортшы қатысып, бағын сынаған.
Ал осынау айтулы әрі ауқымды додада шымкенттік тәртіп сақшысы Ғалымжан Қатбаев бірінші орынды жеңіп алды. 29 жастағы полицей байрақты бәсекеге 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде түскен. Және ол ақтық мәре — финалда украиналық спортшымен кездесті.Ғалымжан Бақытұлы — бүгінде Шымкент қаласындағы полиция департаментінде оқу-жаттығу взводының инспекторы қызметін атқарады. Полиция капитаны. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 12 жылдан бері жауынгерлік джиу-джитсумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанып келеді. 4 баланың үлгілі әкесі бос уақытын өз отбасының ортасында өткізеді.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде бұл байрақты жеңісін таяуда ғана өмірден озған әкесінің құрметіне арнайтынын атап өтті.
Мөлдір Бекеева