Түркістан облысы әкімдігі және медиаорталықтың ғимараттары пайдалануға тапсырылмақ

618
Түркістан облысы әкімдігі ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын

Болашақ әкімшілік іскерлік орталығының құрылысы қыз-қыз қайнап жатыр. Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық жолының бойында облыс әкімдігі ғимаратына барар жол салынуда. Жобалық — сметалық құжатқа сәйкес мұнда желек жолы қарастырылған. Аймақтың климаты ескеріліп, субұрқақтар салынып жатыр.

Нұрмұхамед Бейсенбаев, құрылыс компаниясының өкілі: «Біздің компания желек жолын салып жатырмыз. Шілде айында бастауын алған құрылысты ағымдағы жылдың қазан айында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Мұнда жаяу жол, демалатын орындықтар, жарықтандыру жүйесі болады. Одан бөлек, жылдың басым бөлігі жылы болатын Тұркістанда субұрқақтар жобаға енгізілді. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды осы қазан айында тапсырамыз».

Әкімшілік іскерлік орталығында  конгресс — холдың құрылысы жүргізілуде. Нысан келесі жылы қараша айында пайдалануға тапсырылады. Ал медиаорталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Қазір мұнда нысанның аумағы абаттандырылуда.

Әкімдік ғимараты Нұр-Сұлтан алаңынан бой көтереді. Мұнда да қарбалас жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімдігінің басқармалары мен департаменттерінің қызметкерлері жұмыс жасайтын екі ғимараттың ортасында облыс әкімдігінің ғимараты салынады. Басты нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Жұмысшылар нысанды өндірістік кестеге сай тапсыру үшін барын салуда. Алматылық компания жұмысқа жергілікті тұрғындарды тартқан.

Түркістанның оңтүстік — шығыс бөлігі алдағы бес жылда адам танымастай өзгереді дейді құрылысшылар. Әкімшілік — іскерлік орталығында мектептер, бала — бақша, мәдениет спорт нысандарынан бөлек тұрғын ұйлер көптеп салынуда. Бас жоспарға сәйкес жаңа қала жасыл желекке оранады.

Шынар Оразова