Түркістандағы медиа-форумда еліміздегі БАҚ-ның бүгінгі жайы талқыланды

257

«Turkistan open media forum» жаңа және дәстүрлі медиа: ынтымақтастықтың заманауи модельдері». Түркістанда осындай атаумен «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған форум өтті. Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы ұйымдастырған шарада еліміздегі БАҚ-ның бүгінгі жайы талқыланды.

Республиканың түкпір-түкпінірінен келген қалам ұстаған қауым саланы реттейтін заңнамаларға қатысты да ұсыныстарын жеткізді. Ақпарат айдыны шапшаң дамып келеді. БАҚ өкілдері сындарлы кезеңде замана көшіне ілесіп қана қоймай, кез-келген қиындықтан жаңашылдықпен жол тауып, креативті идеяларды жүзеге асыруы тиіс. Алайда, қалам ұстаған қауымның қоғамда орын алған жәйттерді емін-еркін жазуы үшін журналистердің құқын қорғау маңызды. Ол үшін талапқа сай заң қажет. Ол үшін қолданыстағыны жаңарту өзекті дейді форумға қатысушылар.

Сейітқазы Матаев, ҚР Журналистер Одағының төрағасы: «Заңдағы жала жабуға қатысты тұстарды қайта қарау керек. Заң қазіргі уақытқа сай болуы тиіс. Әкімшілік шарамен ауыстыру туралы ұсыныстар қажет».

Бүгінде нарық талаптарына бет бұрған телеарналар мен басылымдар СММ жүйесін де тиімді пайдаланып келеді. Бұл ретте «Отырар» теларнасы ұжымының тәжірибесі оң нәтиже беруде. Әлеуметтік желілердегі рейтингісі зор арнаның қазір бәсекелетік ортада орны айқын.

Айгерім Жұмағұлова, «Собкор» ЖШС-нің директоры: «Телеарнадан берілген материалдарды әлеуметтік желілерде таратып отырмыз. Инстаграмм парақшамызда 60 мың жазылушымыз бар. Әлеуметтік желілердегі рейтинг жарнама берушілердің артуына сеп болып отыр».

Жасыратыны жоқ, бүгінде БАҚ-н қаржылай қолдаудың бірден-бір тетігі мемлекеттік тапсырыстар болып отыр. Тендерге байланған тілшілердің тілі де байланатыны айтапаса да белгілі. Сондықтан да еліміздегі ақпарат құралдары шет елдердегідей нарықтық жүйені ұршықтай иіре білуі тиіс.

Жәнібек Нұрыш, «Оңтүстік Рабат» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы: «Америкада ақылы ақпараттар сайты арқылы қаржыландыру қарастырылған. Кез-келген ақпараттық сайтқа кіресіз, ақысын төлейсіз, ақпараттарды оқу сол кезде ғана мүмкін болады».

Сондай-ақ, қоғам жүгін көтеріп жүрген журналистердің білім-біліктілігін үздіксіз арттырып отыру жайы да назардан тыс қалмады. Жергілікті билік өкілдері мен қалам ұстаған қауымның басын қосқан жиында саланың бары бағамдалып, жоғы түгенделді.

Мақпал Рысбаева