Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында 12 жасар қызының үйден кетіп қалғанын, оны табуға көмектесуін сұрайды. Оқиға болған жерге бірден Төлеби ауданының тәртіп сақшылары мен жедел-тергеу тобы жеткен.
Кәмелет жасына толмаған жоғалған қызды іздеуге аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары бүкіл жақын аймақтардың аулаларын аралап шығып, куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті іс-шараларды жүргізді. Небәрі 2 сағатқа созылған қарқынды іздестіру жұмыстары нәтижесінде полицейлер жоғалған қызды үйінен 4-5 шақырым қашықтықтан, көшеден тауып, анасына дін-аман күйінде табыстады.
Полицейлердің анықтауынша қыз анасы екеуінің түсінбеушілігінен кейін, әпкесінің үйіне бармақшы болған беті екен. Өз кезегінде болмашы қателік жасағаны үшін 6-сыныпта оқитын қызын ұрысқанына өкінген ана полицейлерге алғысын жаудырды.
«2 сағат көлемінде қызымды қолыма аман-есен жеткізгендеріңізге рахметімді айтамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Қызымды тапқанда полицейлер осылай қорғаушы, көмекші екеніне қуандым. Шындығында төлебилік полицейлер кәсіби шеберлігімен қырағылығын көрсетті»-деп ризашылығын білдірді.