Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен Ғалымжан Мотайұлы Абишев Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшы орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада айтылғандай, ол бұл қызметкен 2019 жылдың 11 қарашасынан бастап тағайындалған.

Ғалымжан Мотайұлы 1969 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтын 1995 жылы бітіріп, одан кейін де Алматы экономикалық университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Бір емес, бірнеше жоғары білімінің арқасында қызмет атқарған орындарында әрқашан өзін тек жоғарыдан көрсете білген білікті маман. Еңбек жолын Түркістан аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-эпидемиолог қызметінен бастап, эпидемиологиялық бөлім меңгерушісіне көтеріледі. Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде эпидемиология жөнінде бас дәрігердің орынбасары болып қызмет атқарған. Басқа да мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарған. Оның ішінде белгілі Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті де бар, осы күнге дейін еңбек жолының басым бөлігінде негізінен Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасында басшы орынбасары қызметін атқарған. 2018 жылдан Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшы орынбасары қызметін атқарып келсе, бүгінгі күнде Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшы орынбасары лауазымына тағайындалып отыр.