Қазығұрттағы жол апаты: Облыстан білікті дәрігерлер шақыртылды

413

Еске сала кетсек, Қазығұрт ауданында төрт көліктің соқтығысуы салдарынан ірі жол апаты орын алғанын хабарлаған болатынбыз. Зардап шеккен 15 адамның біреуіне ота жасалды. Ірі жол көлік апаты «Алматы-Термез» тас жолының Түркістан облысы аумағындағы бөлігінде орын алды. Көпірдің үстінде пайда болған көктайғақтың салдарынан бір бағытта келе жатқан 4 көлік соғысып, 1 автокөлік оқиға орынында өртеніп кетті. Қалған көліктер де жарамсыз күйге түскен.

Жол апаты Қазығұрт ауданы аумағындағы трассада болған. Оқиға 23 қараша күні күндіз 11-лер шамасында орын алған. Оқиға кезінде 15 адам зардап шеккен. Соқтығысқан төрт көлік те бір бағытта бара жатқан. Жол апатынан кейін автокөліктердің бірінен өрт шыққан.

Зардап шеккен жолаушылар Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Қазіргі таңда 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Ота жасалған әйел адамның жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалап отыр. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты.
Наушарман Боранбаева, Қазығұрт аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары: «Кеше облыс орталығынан білікті дәрігерлер шақыртылып, науқастарға тиісті емдік шаралары жасалды. Ауыр халде түскен бір әйелге ота жасалды. Оның жағдайы бүгін ауыр әрі бірқалыпты. Жалпы жансақтау бөліміндегі екі науқастың жағдайы қалыпты деңгейге түсуіне байланысты бүгін бөлімшеге ауыстырылды. Қалғандарының жағдайлары ауыр әрі тұрақты күйінде. Өзге науқастар жарақат бөлімінде ем қабылдауда. Бүгін де кеңес алуға облыс орталығынан мамандар шақырттық».

Науқастардың арасында жолаушылармен қатар көлік жүргізушілері де бар. Түркістан облыстық полицейлер жол апаты көктайғақтан болды деп мәлім етті.

Тәртіп сақшылары ауа райының өзгеруіне байланысты көлік жүргізушілеріне жолда аса сақ болуға шақырады. Жол белгілеріне абай болып, техниканы да қысқы маусымға сақадай сай ету қажет дейді.

Мақпал Рысбаева