Енді тазартылмаған қоқыс орындарын әкімдік өкілдері жасыра алмайды. Себебі, ғарыштан бақылау жасалынып, жерге хабар жіберілетін болды.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының жүзеге асырған мониторингінің қорытындысына сәйкес, Шымкент қаласының аумағында рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің 122 нүктесі анықталған. «Бірге — таза Қазақстан» шарасы аясында соның 75-і тазаланды.

Қадырхан Бейсенбаев, Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары: «Мониторингтің жұмыстары экология басқармасына жіберледі. Біз жергілкті атқарушы органдарға жолдаймыз. Дұрыс жүргізілмеген жұмыстарға шара көру рәсімі жүргізіледі. Абай ауданы әкімінің орынбасары тәртіптік жазаға тартылды».

Сенбілікке жалпы 12 000 астам адам, 60-қа жуық техника тартылды. Қалалық қоқыс полигонына 280 тоннадан астам қоқыс жеткізіліп, тегін қабылданды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен атқарылған акция алдағы уақытта жалғасын табады. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ бірлесіп қолға алынған жобада құр сөзбен емес, тындырымды тірліктерге қол жеткіземіз» деп сендірді ұйымдастырушылар.

Ғалымжан Кенжебек