Ағымдағы жылдың қазанында Сайрам АПБ-не «102» байланыс нөмірі арқылы жергілікті тұрғынның бірі арызданады. Арызданушы өзінің жекеменшік техникалық құралдарын дайындайтын цехында ұрлық жайты болғандығын көрсеткен.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталып кетеді. Оқиға орын алған жерге жедел жеткен полицейлер белгісіз тұлғалардың 850 000 теңгенің қозғалтқыш құралдарын, 200 000 теңгенің техникалық бұйымдарын жымқырып кеткендігін анықтайды. Жалпы келтірілген шығын көлемі 1 миллионнан асады.

Осылайша Сайрам АПБ-ның жедел уәкілдері аудандағы бірқатар цехтердің ішін аралап, жақын маңдағы орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындарымен сөйлесіп іздестіру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізеді. Сонымен қатар бұл қылмысты ашу үшін аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлері де тартылады. Күдіктілерді табу үшін жинақталған мәліметтерді саралаған жедел уәкілдер ұрланған заттардың базар аумағында болуы мүмкіндігін де ескеріп, әрбір сатушымен тілдеседі. Нәтижесінде көп ұзамай сатушылардың бірінен ұрланған заттар табылады.

Сонымен қатар, сол сатушы арқылы полицейлер күдіктілердің ізіне түседі. Жәбірленушіге 1 миллионнан астам шығын келтірген екі күдікті аудан көшелерінің бірінен ұсталады. Екеуі де жергілікті тұрғын. Тергеу амалдарын жүргізген полицейлер олардың бірінің бұрын соңды ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотты болғандығын анықтайды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатта. Ал ұрланған заттар түгелімен жәбірленушіге қайтарылды.
Бүгінгі таңда Сайрам АПБ тергеушілерімен ұсталған 2 күдікті мен сатып алушыға қатысты тергеу амалдары қарқынды жүргізілуде.