6 айдың ішінде Шымкентке 110 мың турист келген

181

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық көрсеткіш. Осылай деген «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы енді туроператорлардың өздерін елді аралатуды бастады. Ішкі туризмді дамыту мақсатындағы жаңа жобаның осы сенбіде екінші циклі басталды. 5 аймаққа жол тартқан агенттік жетекшілері үшінші мегаполиске де табан тіреді.

Жиналған бұл қауым Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Жамбыл облысынан келген турагенттік жетекшілері. Шымкент қаласына ақпараттық турмен табан тіреген олар бұған дейін Тараз қаласын тамашалапты. Ал, үшінші мегаполисті аралауды Бәйдібек би ескерткішінен бастап, Қошқар ата өзені, дендрология, Тәуелсіздік саябағында жалғастырған. Сөздерінше соңғы 10 жылда Шымкент келбеті әлдеқайда өзгерген.

Ішкі туризмді дамыту мақсатында басталған ақпараттық тур енді Сарыағаш, Түркістан және Ақтау бағытымен әрі жылжиды. Айта кетейік, кезекті цикл осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін еліміздің батысын аралап шыққан агенттік мүшелері тағы 2 рет ақпараттық тур өткізеді. Жыл соңына дейін олар Қазақстанның солтүстігі мен шығысына сапар шегеді.

«Қазақ туризм» Ұлттық компаниясы ішкі туризмнің статистикасын да қорытындылаған. Нәтижесінде жарты жылдың ішінде Шымкентке 110 мың турист келіпті. Олардың басым бөлігі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мен Германиядан келеді екен.

Назерке Үкібасова