АӘК ҚАРЖЫСЫН КІМДЕР ҚАЙТАРАДЫ?

298

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әзірлеген тізімге сенсек, Шымкентте 7596 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті кері қайтаратындар тізіміне енген. Министрліктің пайымдауынша, бұл отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес. Сондықтан да аталған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың және төлеудің дұрыстығы бойынша зерделеу жұмыстарын қайта жүргізу тапсырылған. Енді министрліктен келген тапсырмаға сәйкес, әлеуметтік көмекті негізсіз алған отбасыларға жәрдемақыны тағайындау және төлеу тоқтатылады. Бұған қоса осыған дейін алған қаржысын мемлекеттің қазынасына кері қайтару керек. Сонымен қаладағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен қайтарудың жайы туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаевадан сұрадық.

3030 ОТБАСЫ КІРІСІН ЖАСЫРҒАН

Жанат Өтебаеваның сөзінше, бүгінге дейін Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алуға 68792 отбасынан өтініш түскен. Олардың 48 995-не шартты көмек, 19 797-не шартсыз көмек тағайындалған. Жанат Өтебаеваның сөзінше, жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде кей тұрғындардың табыс көзін, қымбат көліктері мен зәулім үйлерін жасырғаны анықталыпты.

Бұл қаржы тұрмысы ортадан төмен, яғни мұқтаж отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында тағайындалды. Әйткенмен, жүргізілген мониторинг нәтижесінде, қаржының негізсіз төленгені көрсетті. Соның ішінде ең көп факт – Шымкентте анықталыпты. Осы бойынша министрліктен қайта тексеруге жататын – 7596 отбасының тізімі келді. Тізімдегі 4521 отбасыға қайта есептеу жүргізіліп, көмек көрсету жалғасты. Табысы және әлеуметтік-материалдық жағдайы «майшаммен» қаралып жатқан 671-інің төлемі уақытша тоқтатылған. Кірісін жасырған 3030 отбасы атаулы әлеуметтік көмектен қағылды. Енді осы отбасылардан қаржыны кері қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр,-дейді басқарма басшысының орынбасары Жанат Өтебаева.

Белгілі болғандай, 1 тоқсанда кірісін жасырған 271 отбасының 13-і өз еркімен қаржысын, яғни 3,3 млн теңгені бюджетке қайтарған. Қаржыны қайтару бойынша 17 отбасы екі жақты келісімге тұрып, қарызын ай сайын төлеуде. Ал қайта есептеу нәтижесінде 2,2 млрд теңге үнемделген. Бұдан бөлек, қалаға қарасты 4 ауданда құрылған жұмысшы топтарының жүргізген қайта зерделу жұмыстары барысында АӘК тағайындалған 3671 отбасына қаржы төлеу тоқтатылыпты.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жәрдемақы табыс көзіне жатады
Министрліктің «үнемдедік, кері қайтардық» деген есептерінің артында қаншама ананың жанайқайы, қаншама баланың көз жасы жатыр. Барлығы бірдей құитұрқы әрекетке бармағаны анық. Ара-арасында мемлекеттік бюджеттен берілетін қаржыға қарнын тойдырғысы келгендер ілуде бір бар шығар. Әйткенмен, көбін кедейшілік пен басына тартса аяғына жетпейтін жоқшылық шаршатып, шарасыздықтан аз-маз табысын бүгіп қалған болар. Қайтсін енді?! Тау басында отырғандардың түйені түгімен жұтқан жемқорлығын көріп-көріп, амалы таусылған-ды. Пенде емес пе?
Десе де мұндай заңсыздыққа пендешілікпен қоса қағазбастылық та себеп. Мәселен, жұмыс орнынан зейнетақы аударымдарының кеш түсуі. Зейнетақы аударымдарын базадан тексеріп отыратын мамандар мұндайда «жалақысын жасырды» деп даурығады. Не болмаса әлеуметтік төлем алған отбасының бір мүшесі, мысалы студент баласы жаз мезгілінде маусымдық жұмыс істейді. Соның зейнетақы аударымы түссе, кейін мәселе туындайды. Тіпті жалақысының аз-маз өсуі де АӘК алатын отбасының басына бәле боп жабысады. Өйткені, отбасының қандай да бір кірісі: жалақы, студенттердің табысы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы табыс көзі болып есептеледі.
Ал стипендия, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерінің 16160 тг жәрдемақысы және бала жасынан мүгедектікке тағайындалатын жәрдемақы табыс көзіне жатпайды.

МЕКЕНЖАЙ ТІРКЕУІ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС

Мұнымен қатар тұрақты мекенжайды дұрыс көрсетпеу де АӘК тағайындауда кері әсерін тигізуі мүмкін. Жанат Өмірсейтқызының айтуынша, Түркістан облысының кей тұрғындары өз аудандарында АӘК қол жеткізе алмай, қалаға келіп тіркеліп, құжат тапсырған. Аударымын алар-алмастан қайта өз үйлеріне кеткен. Үй-үйді аралау кезінде олардың көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталып, АӘК тағайындау тоқтатылған. Соған ұқсас жағдайлар көп. Халық құжатын тапсырғанда тұрып жатқан мекенжайын емес, тіркеу мекенжайын береді. Нәтижесінде оларға «отказ» шығады екен.
Жанат Өмірсейітқызы осындай келеңсіздік болмас үшін АӘК алушылар «статусы» өзгерісімен 10 жұмыс күні ішінде орталыққа жүгінуі керек екенін айтады. Мұндағы мамандар олардың ісін қайта қарап, өз кеңестерін береді. Құжаттарға «түзету» енгізеді. Ал құжаттар әр тоқсан сайын қайта есептеліп тұрады.
Осы тұста айта кетейік, қазан айынан бастап отбасының жан басына шаққанда табыс көзі – 19 993 теңгеден аспауы керек.

ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛУДА?

Барлық талаптарға сай келгендер АӘК-тің шартты не шартсыз түрін алып мемлекеттің қаржысын қажетіне жұмсап жатыр.
Бұл әсіресе шартсыз атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қатысты айтылған сөз. Себебі, олар мемлекеттен алған қаржысына есеп бермейді. Қайда жұмсаса да өз еркі. Себебі, шартсыз ақшалай көмекті еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасы (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасы (7 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған және жалғызбасты ана) алады. Мұндай отбасыдан жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Дегенмен, Жанат Өтебаева отбасының ең болмаса бір мүшесі еңбекке қабілетті болса, оны жұмыспен қамту шараларына тартып жатқандарын айтады. Себебі , АӘК масылдыққа әкеп соқпауы керек.
Ал көмектің шартты түрін алғандар арасында жеке ісін бастағандары да бар. Бірі малшаруашылығымен айналысып жатса, енді бірі тігін цехын ашқан. Жәрдемақы алған тұрғындардың ішінде кондитерлік цех ашып, түрлі тәттілерін саудаға шығарып отырғандар да бар. Себебі, оларға қойылған талап осы. Шартты ақшалай көмекті алу үшін – 7 жасқа дейінгі баласы бар толық отбасының кем дегенде бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Баласы 7 жастан асқан толық отбасының екі мүшесі де (ата-анасы) жұмыс істеуі шарт. Бұл қағида толық емес отбасына да қатысты. Жалғызілікті ананың баласы 7 жастан асқан жағдайда оған еңбек ету міндеттеледі. Баласы 7 жасқа толмай жұмыс істейтін ата-аналарға да шартты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бұл өкіметтің оларға көрсетіп отырған көмегі болып табылады.
Сондай көмекке қол жеткізгендердің бірі – көпбалалы ана Перизат Ниязалиева. Ол 300 мың теңгеден астам жәрдемақы алған. Мемлекеттен алған қаражатқа тігін машиналарын, оған қажетті бұйымдарын сатып алыпты. Ұлттық нақыштағы көрпе, жастықтарды тапсырыспен тігіп жатыр. Көп балалы ана instagram, whatsapp желілерінен арнайы аккаунт ашып, саудасын жүргізуде.
Әйгерім Даутова да кәсібін дөңгелетіп отыр. Айтуынша, ғимаратты жалға алып, кондитерлік өнімдерді сатады. Түрлі тәттілер мен тез дайындалатын өнімдерге сұраныс көп екен. Бұған дейін екі қолға бір күрек таппай келген келіншек қазір тіпті сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейді. Жәрдемақыға алған қаражатына тоңазытқыш пен пеш сатып алып, көптен бері көкейінде жүрген шағын кәсібін бастап жіберді.

2020 ЖЫЛҒЫ ӨЗГЕРІС

Әйтсе де Жанат Өтебаева әуелде халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған бұл көмектің халықты масылдыққа үйретіп жатқанын жасырмайды. Сондықтан да келер жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа тәсілдері енгізіледі.
– 2020 жылдан бастап халықты қолдаудың кешенді шаралары 3 бағытта жүргізіледі. Біріншісі – көп балалы отбасыларды жеке санаттан шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақы төлеу. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына тәуелді болмайды. Барлық көп балалы (4 және одан көп) отбасыларға тағайындалмақ. Екіншісі – аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке баулу. Жаңашылдыққа сәйкес, аз қамтылған отбасыларды анықтайтын ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайыздық өлшемшарты сол күйі қалады. Яғни, АӘК мөлшері бұрынғыдай жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленеді. Бұл дегеніміз – шамамен жан басына 10054 теңге. Сондай-ақ, келер жылдан бастап АӘК 6 ай немесе 1 жылға емес, тоқсан сайын тағайындалатын болады. Үшіншісі – барлық АӘК алушы отбасы балаларына заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакет ұсыну,-дейді ол.
Айтуынша, бұл пакетке
– Мектеп жасына дейінгі балалар үшін: балаларға арналған тамақ, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері (323,4 мың балаға 5 302 теңгеден);
– Мектеп жасындағы балалар үшін – мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу (ыстық тамақ: күніне 300 теңгеден 480 мың балаға 6 628 теңге, жолақысы: 222 мың балаға 2 069 теңгеден, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері: табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40% аспайтын 245 мың балаға 25 000 теңгеден).
Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасындағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет аясында келесі тауарлар ұсынылмақ:
– гигиена құралдары, тоқсанына 1 рет 1774 теңгеге (балалар тіс пастасы, тіс щеткасы, балаларға арналған гипоаллергенді крем, сусабын, кір сабын және кір жуғыш зат);
– физиологиялық нормаларға сәйкес ғылыми-негізделген балалар үшін арналған азық-түлік жиынтығы кіреді. Бұған ай сайын 4710 теңге беріледі. Сонда барлық өнім мен гигиена құралдары ай сайын 5302 теңгеге тең болады.
– Сонымен бірге, біз кепілдендірілген пакетте медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек көрсетуді тағайындамаймыз, өйткені 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмектің және жалпы медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі бойынша, барлық балаларға, олардың табысы аз немесе аз екендігіне қарамастан беріледі,-дейді басқарма басшысының орынбасары Жанна Өтебаева.
Жаңа енетін өзгеріске сәйкес, бала күтіміндегі әйелдер үшін баланың жасы төмендетіледі. Бұған дейін 7 жасқа дейін баласы бар әйелдерге жұмыс істемеуге рұқсат берілсе, енді перзенті 3 жасқа толған әйел еңбек етуі керек.
Отбасылардың, әсіресе аз қамтылған, көп балалы отбасылардың мемлекеттен қолдау тапқаны жақсы, әрине. Бірақ, алмақтың да, салмағы бар екенін ұмытпаған абзал.
Сондықтан да тек мемлекетке емес, өз күшімізге де сенейік!

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №45, 6 қараша 2019 жыл