Газетіміздің өткен №43 санындағы (23 қазан, 2019 жыл) «Тағдыр» айдарында «Бұрынғы күйеуімнің ұрып-соққаны түсіме енеді» тақырыбында хикая жарық көрді. Хикаяда редакциямызға хабарласқан Айнагүл (есімі өзгертілді – ред.) атты келіншектің оқиғасын жазып алып, өзінің сұрауы бойынша «Психолог бұрышы» айдарына қатысатын психологтарға жолдаған едік. Сонымен Айнагүлдің айтқанындай, ол бала күнінен ата-анасының көмекшісі болып, тек солардың айтуымен өмір сүріпті. Отбасылық өмірін де әке-шешесінің таңдауымен, яғни олар қай адамды таңдайды, соған тұрмысқа шығумен бастаған. Отбасылық өмірі бақытсыз болған ол күйеуінің өзіне қол жұмсағанын, тіпті ұрып қолын сындырғанын, ал енесінің әділетсіз қатал мінезінен қиналғанын, келін боп түскен әулетке еш үйренісе алмағанын айтады. Ол әулетке үйренісе алмай, ақырында күйеуімен ажырасып кетеді. Әке-шешесінің жәрдемімен жеке пәтер алып, жұмыс істеп, тыныш өмір сүріп жатады. Әйткенмен, соңғы жылдары бұрынғы күйеуі оған қайта-қайта келіп, кешірім сұрап, мазасын қашырып бастапты. Енді ол басындағы жағдайға байланысты психологтан көмек сұрады. Айнагүлдің хикаясына «Психолог бұрышы» айдарының тұрақты кеңесшісі, тәжірибелі психолог Мәди Төлегенов жауап берді.
«Кейіпкеріміздің басынан өтіп жатқан хикаясын оқып отырып, отбасындағы тәрбиенің қателігінен, өз өмірінің құндылығын түсінбейтін жанды көруге болады. Отбасылық тәрбиенің хат иесінің өмір сынағында қарама-қайшы келуін де аңғарамыз. Одан қалса, махаббатсыз отбасын құрудың қате екені де көрініп тұр. Айнагүл хатының басында өзі кішкентай болса да, оң-солын дұрыс танымай жатып ата-анасына көмектесуге тырысқанын жазады. Әке-шеше үшін тұңғыш баланың көмектесуі жақсы, бірақ тәрбиелік тұрғыдан мұның бір минусы бар. Сондай бала өз қалауын ұмытып, басқалар үшін өмір сүре бастайды. Мысалы, Айнагүл кішкентайынан бастап, әке-шешесінің айтқанынан шықпай, бауырларына қарап, солардың дегенімен жүріп, өзін мүлдем ұмытқан. Өзі қалауындағы мамандығын да оқымаған. Өзі қалаған оқу орнына да түсе алмаған. Ең сорақысы – өз қалауымен емес, ата-анасының айтқанымен тұрмыс құрған.
Адам өмірінде бірнеше рөл болады. Ата-анасына перзенті, жұмысындағыларға әріптес, көлік жүргізсе жүргізуші, ал күйеуіне әйелі, балаларына анасы дегендей түрлі рөлдерге ие. Әрбір адамның өз рөлі бар.
Тұңғыш балалар «әке-шешесіне жақсы бала боламын» деген оймен сол рөлінде өмір бойына қалып қояды. Салдарынан басқа рөлдері ұмытылып кетеді. Сөйтіп, ол адамның өмірінде әртүрлі қателіктерге ұшырасады.
Айнагүл өзіне жар таңдаған кезде де «ата-анасына жақсы бала боламын» деген рөлінен таймаған. Сөйтіп олардың айтқанын екі етпей орындаған. Өзі қаламаған адамға тұрмысқа шыққан.
Мұндай тәрбие көрген адамдардың пайдалы тұстары да бар. Сондай балалар әлеуметтік өмірде жетістікке тез жетеді. Жұмысында да табысты болуы мүмкін, бірақ жеке өмірге келген кезде өзінің қалауын ұмытады. Бұл «Айнагүлдің тәрбие жағынан берілген қатесі» деп айтуға болады.
Тұрмысқа шыққан соң Айнагүлдің отбасында көрген тәрбиесі күйеуінің отбасының тәрбиесімен қарама-қайшы болғанын да аңғарып отырмын.
Осы тұста отбасын басқару жайлы айта кетейін. Басқарудың матриархат және патриархат атты екі түрі бар. Матриархат дегеніміз, ол бір үйді әйел адамның басқаруын айтады. Ал, патриархат деген керісінше еркек адамның басқаруы. Күйеуінің отбасында әйелі басқаратын жүйе болған. Барлық күрделі мәселені шешетін сол үйдегі балардың анасы екені де білініп тұр. Бұл екі жүйенің де жақсы немесе жаман тұстары бар.
Мәселен, патриархат жүйесінде тәрбиеленген адамдар көбінесе кең пейілді, табыс табуға жақын келеді. Минусы – оларда өзін көбірек ойлайтын, яғни өзімшіл жағы басым болады. Ал, матриархат жүйесінде тәрбие көргендер көбіне отбасына жақын, соларды ойлап тұрады. Минус жағы — ұсақ сөздерге жақын әрі аздап кекшіл болады. Матриархат жүйесінде тәртіп қатал болуынан жеке тұлғаның сезімімен санаспайды да адам бойындағы менмендік басылып қалады.
Ал Айнагүлдің тәрбиесі 180 градусқа басқа. Сонықтан да ол күйеуінің отбасына сіңісіп кетуі өте қиын болған. Қайын жұртына сіңісіп кете алмауына тағы бір себеп бар. Ол –махаббатсыз, сезімсіз күйеуге шығу.
Егер ерлі зайыптылардың арасында бір-біріне деген шынайы сезім болса, кез келген жағдайға төзеді. Өкінішке қарай, біздің кейіпкеріміз бен жолдасының арасында бұл сезімнің жоқ екені хатындағы әрбір сөзінен көрініп тұр. Күйеуінің де оған қол көтеруіне бірнеше себеп бар. Ең біріншісі – махаббат болмауы. Осы тұста Айнагүлдің өз отбасына оралғаны дұрыс екенін айтар едім. Әке-шешесінің оны қолдап, қол ұшын созып жеке пәтер алып бергені де үлкен көмек болған. Оның аяғынан тұруына ата-анасының, бауырларының махаббаты көмектескен. Егер ата-анасы «барған жерде сүйегің шықсын» деген сияқты сөздер айтып, тағы да қайтарып жібергенде соңы қайғылы жағдайға ұласар ма еді, кім білсін?!
Қазір күйеуінің келгіштеп жүруінің де себебі бар шығар. Мысалы «ақыл жаспен келеді» деген сөз бар ғой. Отбасын ойлап, соларға бет бұруына не себеп болғаны белгісіз. Бірақ, күйеуінің бұл іс-әрекетін жақсыға балаймын. Оның бала-шағасына тартылғаны, әйелінен кешірім сұрағаны, «отбасы болып қайта қосылайық» деген ниетін арамға санамау керек. Бұл керісінше өте жақсы. Ал, Айнагүлдің күйеуінің өзгергеніне күмәндануының да орын бар. Дегенмен, оның қаншалықты өзгергенін түсіну үшін қосылып өмір сүріп көру керек. Олар бір-біріне түсінікпен қарауы қажет. Кейіпкеріміздің күйеуіне деген ашу-ренішінің басылмағаны көрініп тұр. Ол сезімдерден арылу үшін міндетті түрде психологқа баруға кеңес беремін. Алдымен Айнагүл жеке барса, сосын күйеуімен бірге барғаны дұрыс. Жалпы бір-бірімен ашық сөйлесіп, қарым-қатынастарын анықтап алғаны жөн.
Негізінде матриархат жүйесінде тәрбие көрген ер жігіт уақыт өте келе өзінің әйеліне бағынышты болады. Соңғы шешімді кейіпкеріміздің өзіне қалдырамын. Қандайда бір шешім қабылдамас бұрын психолог маманның кеңесіне жүгінгендері дұрыс. «Бұл мәселеде асықпай, эмоцияға берілмей, ашық сөйлесу арқылы соңғы шешімді қабылдау керек» деп ойлаймын. Күйеуімен қосылса да қосылмаса да олар балаларына ата-ана болып қалады. Қосылмаған жағдайда да балаларының әкесін танып-біліп өсуіне тыйым салмағаны абзал.
Жазып алған – Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» , №44, 30 қазан 2019 ж
Сіз психологқа барасыз ба, әлде баруға ұяласыз ба? Психолог көмегіне жүгінудің дұрыс не бұрыс екеніне көз жеткізе алмай жүрсіз бе? Әлде кәсіби тәжірибелі психолог таппайсыз ба?
Бұл сауалдар бәрінің болмаса да біразына қатысты екенін редакциямызға хабарласқан оқырмандарымыздың айтқанын түсіндік. Сондықтан да «Оңтүстік Рабат» газеті «Психолог бұрышы» атты айдар жүргізеді.
Өзіңізді мазалаған әрі психолог кеңесіне мұқтаж мәселеңізді хат түрінде редакциямыздың электронды поштасына, не WhastApp нөміріне жазыңыз. Редакциямыздың жұмыс телефонына хабарласып, айтып беріңіз.
Мәселеңізге қатысты тәжірибелі психолог Мәди Төлегенұлы, Қарагөз Момбаева және тағы да басқа психологтар кеңес береді. Еске салсақ, аталған психологтар газетімізде бұған дейін жарияланған түрлі мақалаларда пікір білдіріп, сарапшы ретінде қатысып келеді. Біз сіздің хатта жазған мәселеңіздің құпиялығын сақтай отырып, қаласаңыз аты-жөндерін өзгертіп, не аты-жөнін көрсетпей жариялаймыз. Психолог не айтады, соны да жариялаймыз.