Сыр медиа

Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында белгісіз ер азамат жалға пәтер сұрап келіп, сөзге айналдырып, сеніміне кіріп, ешкім байқап тұрмағанын пайдаланып, шифонер тартпасынан құны 80 000 теңге тұратын сырғасын жасырын жымқырып кеткенін көрсетеді.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Оқиға орнына шұғыл жеткен аудандық полицейлер тез арада іске кіріседі. Күдіктіні ұстап, қылмысты ашу мақсатында қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырады.

Жәбірленушінің айтуы бойынша күдіктінің түр-тұлғасы жасалып, оны табу үшін полицейлер күні-түні жұмыс жасайды. Нәтижесінде күдікті қала көшелерінің бірінен ұсталды. Ол бұрында сотты болған, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. Және Арыс қаласына жұмыс жасауға келгені анықталды.

Тергеу барысында күдіктінің алтын сырғаны ломбардқа өткізіп жібергені анықталды. Сырға айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Полицейлер тексеріс жұмыстары аясында күдіктінің одан бөлек тағы да 2 жайтқа қатысы барын анықтады. Оның бірінде ұсталған азамат жергілікті тұрғынның үйіне ұрлыққа түсіп, терезе арқылы заңсыз кіріп, 500 000 теңгеге жуық ақшасын жымқырып кетсе, келесі тұрғынның үйіне келіп, сатылатын пәтер сұрап, үй иелері байқамай тұрғанда 60 000 теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткені айқындалды. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, қамауға алынған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға өз бағалы заттарыңызға, ақша, алтын бұйымдарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Үйіңізге ұры түссе немесе бейтаныс азаматтарға алданып қалсаңыз, полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.