Биыл түркістандық шаруалар үшін берекелі жыл болды. Дәнді дақылдар, көкөніс, мақта, мал шаруашылығы мен қарқынды бау өсіруде жаңа технологияларды пайдалануда озат болған жерлестерімізге ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесінде құрмет көрсетілді.

Облыс орталығында өткен «Алтын күз – 2019» салтанатты жиынында еңбек өнімділігін арттыруда төлебиліктердің үлесі айырықша атап өтілді. Өңірімізде жылдан жылға егіс көлемі артып келеді. Биыл Түркістан облысындағы егіс алқабы 827 мың гектарды құрады. Малға азық болар дақыл себілген аумақ 11 мыңға ұлғайып, жалпы көлемі 201 мың гектарға жетті.

Шаруалардың еселі еңбегінің арқасында қамбаға 125 мың тонна дән артық құйылды. Мақсары егуде өңірімізде көш басында тұрған Төле би ауданы арнайы марапатқа ие болды.

Салаға озық технологияларды енгізудің нәтижесінде еңбек өнімділігі де артты. Жаңбырлатып, тамшылатып суарылатын жер көлемі 17 мың гектарға жуықтап, былтырғыдан 7 мыңға ұлғайды. Бұл бағытта да төлебилік бағбандардың жеткен жетістіктері орасан.

Республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Биыл 173 гектарға қосымша жылыжайлар салынып, оның жалпы аумағы 1108 гектарды құрады. Қарқынды баудың көлемі артып, нәтижесінде 190 мың тонна жеміс -жидек жиналды. Бұл республикадағы үлестің жартысынан көбі.

Агроөнеркәсіптік кешен – ел экономикасының драйвері. Ауыл шаруашылығының дамуы экономика мен халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына тікелей әсер етеді. Сондықтан да салаға үкімет тарапынан қолдау болса, шаруалар аянбайды.