Күні кеше кешкі уақытта, Бадам ауылы маңында Ордабасы ауданы тұрғынының басқаруындағы «Опель Вектра» автокөлігі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. ЖКО кезінде бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы»бойынша тіркеуге алынды.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының орнында Ордабасы АПБ мен Түркістан облысы ПД қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Автокөлік жүргізушісі уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушыларды жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, жолдарда сақ болуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үнемі ұстанып жүруге шақырады.