Жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мүлікті ,жер учаскесін, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт мерзімінде сатылған кезде пайда болады. Мысалы ретінде нақты қай кезде кұн өсімінен төлейтін жағдайды қарастырайық.
Салық кодексінің 331 бабына сәйкес жеке тұлғаның меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері, меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, гараж салу, жоғарыда көрсетілген объектілер орналасқан, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Меншік құқығы тіркелген күннен бастап дегеніміз жылжымайтын мүлікті сату келісім шарттын нотариуста тіркелген күні емес, ҚР « Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тіркеуге алынған күні есепке алынады.
Яғни нотариуста сатып алу, немесе сыйға тарту келісім шарттары түзілген күні емес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге алынған күні саналады.
Жылжымайтын мүлік құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге алынған күннен бастап есептеу мерзімі басталады, сол бір жылдан аз уақыт ішінде мүлік сатылса жеке табыс салығы пайда болады.
Егер жеке меншік иесі бір жылдан аз мерзім ішінде мүлкін сатқан жағдайда, оның салық міндеттемесі мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма болған жағдайда құн өсімінен түсетін кірісі болып табылып, яғни 10% жеке табыс салығын төлейді.
Егерде мүліктің нарықтық құны белгілі болмаған жағдайда, салық төлеуші оның құнын айқындауға тиіс, яғни бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шартқа сәйкес бағалау жүргізіп, нарықтық құнның анықтайды, бұл ретте сатып алу арасында оң айырма болған кезде табыс салығы төленеді.
Қала тұрғындарын Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс пайда болған жағдайда, өздеріңізге тиісті салық міндеттемелерін, салық заңнамасына сәйкес уақытылы орындауға шақырамыз.