2020 жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артады. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасы аясына алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артады. Бұл келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейеді деген сөз. Әрине, осы мәселе бойынша педагогтардың ішінде біраз үрей де бар.
«Жалақыны көтергенде базалық лауазымдық жалақыны алып, соны ғана көтере салады екен« деген сияқты ойлар айтылуда. Сондықтан бұл мәселе Президенттің бізге берген тапсырмасының аясында жалпы мұғалімнің жалақысына қатысты болады деп айтқым келеді және қаңтар айынан бастап бұл жұмыс жүргізіледі», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырған министр.
Оның атап өтуінше, заң жобасында сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін педагогтерге 2 есе мөлшерде қосымша ақы төлеу көзделген. Бұл норма еліміз бойынша 182 мың сынып жетекшісіне және дәптер тексергені үшін үстемеақы алатын 165 мың мұғалімге қатысты.
«Сондай-ақ барлық педагогтар үшін демалыс кезеңін 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылады. Бұл норма бүгінгі күні 110 мың әріптесімізге қатысты. Бүгінде олар 42 күн ғана демалатын болса, енді 56 күн еңбек демалыс алады», — деді ол.
А.Аймағамбетовтің атап өтуінше, тәлімгерлік үшін педагогтерге жыл бойы 17 мың теңге қосымша ақы беру де ұсынылып отыр. «Магистр атағы бар ұстаздар саны бойынша біз басқа мемлекеттермен салыстырғанда өкінішке орай соңғы қатарда келе жатырмыз. Сондықтан бұл мәселені де қолға алып отырмыз. Егер магистр атағы бар педагог мектепке келіп жұмыс істейтін болса, оларға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделеді», — деді министр.