Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қамауға алынған бас дәрігердің «былығын» білген ба?

241

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай қамауға алынды. Емдеу мекемесінің экс-басшысына адам органдарын заңсыз саудалады және трансұлттық қылмыстық топқа мүше деген айып тағылған. Бас дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жазда білген. Алайда, Абылай Донбай қызметін жалғастыра беріпті.

Бұдан бұрын елге белгілі дәрігер-трансплантолог Ғани Құттымұратов пен Қырғызстан азаматы Тайсалова қамауға алынған еді. Сол істің аясында Абылай Донбайдың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жаз мезгілінде білгенін жасырған жоқ.

«Мен бұл жөнінде Абылайдың жеке өзінен жаздың күні естігенмін, иә, оның өзі келіп осындай қылмыстық іс қозғалып жатыр деп мені құлағдар еткен. «Мен хирургпын ғой, басқа жағдайларына ешқандай қатысым жоқ», — деді. Яғни, жарты жылдан астам уақыт бойы бұл іске тергеу жүрген. Сондықтан мен де араласпадым», — дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.

ҚР Ішкі істер Министрлігі таратқан хабарламаға сүйенсек, Донбаевтың донорлары — қаржылай қиындыққа тап болып, бүйрегін сатуға мәжбүр болған Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары. Ал оны негізінен Израйльдің қалталы азаматтары алатын болған.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы «А. А. Донбайға ҚР ҚК 264-бабының 2-бөлігінде (трансұлттық қылмыстық топқа қатысу) және 116-бабының 3-бөлігінде (адам органдарын заңсыз алып қою) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны туралы айып тағылуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында 2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасы аумағында адам органдарын трансплантациялау саласында тұрақты қылмыстық топ әрекет еткендігі анықталды.
Тергеу барысында анықталғандай, азамат А.А. Донбай қылмыстық топ мүшелерімен алдын ала сөз байласып, адам органдарын сатып алу-сатуға заңнамалық тыйым салғанына қарамастан, ірі ақшалай сыйақы үшін бүйректі алу және ауыстырып салу бойынша заңсыз операциялар жүргізген. Қазіргі уақытта сотқа жолданып, қылмыстық істі аяқтау шаралары қабылдануда».

Айта кетейік, осымен бас-аяғы бір жылдың ішінде №1 қалалық клиникалық ауруханасында екінші бас дәрігер ауысты. Жылдың басында осы мекемені көп жыл басқарған Мәди Бегалиев белгісіз жағдайда көз жұмған болатын.

Мөлдір Бекеева