Флебология клиникасында науқастарды еуропалық әдіспен емдейді. Ол үшін Шымкентке Мәскеуден тәжірибелі екі дәрігер келді. Әлемнің озық үлгідегі медицинасын меңгерген мамандар ақ халаттыларға 10 қарашаға дейін шеберлік сабағын өткізеді.

Шымкентке келген мәскеулік дәрігерлер алдымен қан тамыр ауруларын емдеу жолдарын көрсетті. Тәжірибеден кейін мамандар қазақстандық әріптестеріне семинар өткізді. Онда қантамырларының сырқатын емдеудің заманауи тәсілдері сөз болды.

Сергей Якушкин, хирург, флеболог: «Алға қойған мақсатымыз білгенімізбен бөлісу. Дәрігерлер біліктілігін арттыру арқылы ем іздеген науқастарға да көмек береміз. Бұл негізгі мақсаттың бірі болса, екіншісі клиниканың бүгінгі деңгейімен танысу. Техникалық жағдай мен құрал -жабдықтарын байқап көрмекпіз».

Үшінші мегаполисте басталған шеберлік сабағына қатысушылар Қазақстанның әр аймағынан бас қосқан. Солардың бірі қарағандылық — Ернар Ермекбаев. Хирург-онкологтың айтуынша аталмыш семинар қазақстандық дәрігерлерге ауадай қажет.

Ернар Ермекбаев, хирург онколог: «Мен үшін мұнда тың тақырыптар қозғалды. Алған біліміммен өз өңірімізде жаңа серпін жасаймыз деген сенімдеміз. Сол үшін де осында сонау Қарағандыдан келдік. Бізде Шымкенттегідей флебология және лазерлі медициналық клиникасы жоқ».

Флебология және лазерлі медицина клиникасы үшін шетелдік дәрігерлердің келуі алғаш рет емес. Үнемі өңір дәрігерлерін оқытатын орталыққа бұған дейін де бірқатар шетелдік білікті мамандар қонақ болған. Осылайша клиника қала медицинасының деңгейін көтеріп, денсаулығына шағымданатын тұрғындар қатарын азайтпақ.