Түркістан облысында ауыр атлетика спорт түрін насихаттау және дамытуға жағдай жасалуда. Төлеби ауданында замануи үлгідегі спорт академиясы ашылды. Спорт кешенінде Қазақстанның ауыр атлетикадан құрама командасы жаттығады.

«Алма-тау» демалыс аймағында спорт академиясының ашылу салтанатына еліміздің белгілі жаттықтырушылары мен спортшылары, Федерация, жергілікті билік өкілдері қатысты. Олар ауыр атлетикамен айналысуға мол мүмкіндік сыйлаған демеушілерге алғысын жеткізді.

Бауыржан Омарбеков, Төлеби ауданының әкімі: «Бұл спорт кешені ауыр атлетикаға арнайы салынғаны бізді қуантады. Енді мұнда әлемдік деңгейдегі сайыстарды ұйымдастыруға болады. Есесіне, біздің спортшылар алаңсыз барлық күш жігерлерін жеңіске жетуге жұмсайды».

Олимпиада чемпионы Илья Ильин Төлеби ауданында ашылған спорт кешенінде келер жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жаттығуды жүргізеді. Ауыр атлетика спорт түрін дамытуға арнайы салынған кешенде Қазақстанның құрамасы халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындалады. Зіл темір көтеруге арналған құрал саймандар әлемдік стандарттарға сай.

Илья Ильин, Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы: «Зал керемет, спорт кешені халықаралық талаптарға сай. Қостанай мен Алматыдағы спорт нысандарынан кем емес. Шымкентке жақын орналасқан табиғаты бізге қолайлы. Төлеби ауданындағы спорт базасында 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына дайындаламыз. Өйткені мұнда жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Ауыр атлетшілерге сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік туғызған демеушілерге алғысымыз шексіз».

Спорт саласын дамытуға үлесін қосқан кәсіпкер ауыр атлетикаға арналған кешеннен бөлек келешекте өңірімізде Қазақстанда баламасы жоқ фристайлмен айналысатын база салуды қолға алмақ.

Шыңғыс Әбдиев, кәсіпкер: «Фристайл спортына қолдау көрсету мақсатында жобаны жүзеге асырмақпыз. Осы мақсатта Беларуссияда болдым. Польшада фристайл базасы жақсы дамыған. Біздің фристайлшыларымыз жеңіске жетті. Сол үшін оларға барлық жағдайды жасауымыз қажет».

Соңғы жылдары көптеп салынып жатқан спорт нысандары халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жасалған жағдай. Айта кетейік, соңғы бірнеше жылда елімізде халықтың өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жеткен. Оған халық арасында спорттың кең насихатталуының да әсері бар.

Шынар Оразова