«Күтпеген кездесу» тұңғыш рет сахналанды

352

«Күтпеген кездесу» комедиясы Жұмат Шанин театрында тұңғыш рет сахналанды. Қойылым бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселеге айналған «кәрі қыздардың» тағдыры туралы. Жасы 50-ден асқан Таня тұрмысқа шықпаған. Ал жалғыз жұбанышы, анасы әл үстінде. Арғы дүниеге аттанар алдындағы бар арманы – қызын құтты орнына қондыру. Пьесаның ішінде ащы шындық пен әзіл әдемі үйлесім тапқан. Көрерменді бір қуантып, бір мұңайтқан қойылымның ерекшелігі де сол.

Кәрі қыздың қолындағы жалғыз майшам күйеуге шығуға деген соңғы үміті іспеттес. Анасы да қызының тағдыры үшін алаңдаулы. «Мен өлем… Мен өлсем, саған мүлде қиын болмай ма?!» Құлазып отырған қыз бен ананың көңілін де, өмірін де кенеттен келген Құдайы қонақ өзгертеді.

Қойылымның режиссері «бұл өзгеше пьеса» дейді. Трагедияның элементтері бар комедия. Аракідік әуенмен өрілген тұстар да ұтымды шыққан.

Ержан Қалманов, режиссер: «Басқаларда музыка көп. Мұнда ондай емес. Көрермен тура қойылым ішінде жүргендей әсер алуы тиіс».

Қойылымдағы мәселе қоғам үшін өзекті. Әбден жұмысбасты болып, өзінің әйел екенін ұмытып кеткен бүгінгі қыз-келіншектерге ой саларлықтай дүние дейді көрермен.

Айнұр Әбдікерімова, көрермен: «Әйел – үйдің тірегі. Оның үйге келгендегі жылуы, ер азаматты күтіп алуы бәрі бөлек. Сол мақсаттағы жақсы қойылым болды».

Қойылым уақыттың бағасын ұғындырып, бардың қадірін түсінуге шақырады. «Күтпеген кездесу» пьесасы театрда алдағы уақытта да сахналанады.

Меруерт Ахан