Жол. Кептеліс. Жүйке. Бұл М.Х. Дулати мен Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы күнделікті көрініс. Осы жерді аялдамаға айналдырып алғандар үшін жұмысқа барып келу бас ауыртарлық мәселеге айналған. Автобусты сағаттап күтуден сарғайған көпшілік такси ұстауға ұмтылып, жолдың жартысын жауып қалады.
Шоира Рохимова, қала тұрғыны: «Күнделікті осылай. Үнемі жұмыстан кешігеміз. Автобус түгілі такси де тоқтамайды».
Бұл жағдай жаяудың ғана емес, жүргізушілердің де жүйкесін жұқарта бастапты. Жолға шығып кеткен адамдардың кесірінен пайда болған кептелісте темір тұлпарды тізгіндегендер кейде тәртіп бұзуға мәжбүр. Салдарынан жол көлік оқиғалары болып тұрады. Айналып келгенде, барлығына уақтылы жүрмейтін автобус себеп.
Ербол Тасболов, жүргізуші: «Кептелістің кесірінен кейде жарты сағат, тіпті сағаттап тұрып қаламыз».
Қоғамдық көлік бөлімінің басшысы болса бұл аялдамадан қоғамдық көліктер тұрақты әрі кестеге сай жүретініне сенімді. Ал кептелістің пайда болуына қалаға келген қонақтар кінәлі екен.
Наурыз Сүгірәлиев, Қоғамдық көлік бөлімінің басшысы: «Ол аялдама арқылы негізгі жолаушылар ағымының құраушы аялдамаларының бірі болып табылады. Қаланың ішінен көп маршруттар сол арқылы өтеді. Қосымша қаланың сырт жақтағы шағынаудандарға сол аялдама арқылы тоғыз бағыт тұрақты жүреді. Ол жерде байқасаңыздар қала тұрғындары ғана емес Түркістан облысының тұрғындары да өтеді».
Қаланың дәл осы қиылысындағы мәселенің айтылып жүргеніне көп болды. Бірақ, жартас қозғалмайды. Ал, тұрғындар оның шешілеріне үмітті.
Шыңғыс Аман