фото Baribar.kz

Бұдан былай мұғалімдерді жөн-жосықсыз тексерістер мен қағазбастылыққа тап қылғандар шен-шекпеніне қарамастан айыппұлға тартылады. Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтарды кәсіптік қызметіне тән емес жұмысқа тартуға мүмкіндік беретін норманы жоюға уәде етті. Мәжіліс мұғалім мәртебесі заңын бірінші оқылымда мақұлдады. Жылдан аса уақыт талқы таразысына түскен құжат ұстаздарды қаншалықты жарылқайды?

Мұғалімнен қадір қашқан заман. Сайлауалды шараларда да, алаулаған-жалаулаған мерекелік концерттердің басы-қасында жүретін де ұстаздар. Мектептерді тексеруге келетін аса мәртебелі комиссия-қонақтарды күтіп алу, шығарып салу «жоралғыларының» да педагогтардың қалтасынан атқарылатыны жасырын емес. Мұндай бассыздықтарға енді заңмен тосқауыл тойылмақ. Ұстаздарды басы артық шаруаға жеккендер жауапқа тартылуы мүмкін.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Төрт бағыт бар. Бірінші, мұғалімдерді әр түрлі өзіне тән емес жұмыстарға тарту, қағазбастылық, тексеріс мәселесі. Бұл мәселелер бойынша нақты санкция қарастырылған. Енді бұдан кейін осындай мәселелер болатын болса, онда осы санкция бойынша айыппұл төлейді, 20дан 120 АЕК-ке теңестірілген».

Дегенмен әбден талқыланып тізесі шығып кетсе де «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының әлі бір қайнауы ішінде. Мұны депутат Бекболат Тілеухан бірден байқады. Мәселен, 6-баптың 2-тармағы 1-тармақшасында «Педагогты оның кәсіптік қызметтеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді«, деп жазылған болса, заң жобасының 15-бабы 7-тармақшасында: «Қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндетті» делінген.

Бекболат Тілеухан, ҚР Мәжіліс депутаты: «Қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндетті» дейді. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу меніңше мұғалімнің қызметіне кірмейді. Түлкі бұлаң болып кеткен жоқ па?».

Заң жобасының мұндай қалтарыстары Мәжіліс спикерін де мырс еткізді. Нұрлан Нығматуллин «Ауру қалса да, әдет қалмайтындығын» айтып күлді. Ал ведомство басшысы ұсыныстардың ескеретінін жеткізді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Шын мәнінде бұл тарапта біз келісеміз, қауіп бар. Осындай редакцияда бергеннен кейін шын мәнінде басқаша түсінеді. Біздің әріптестерімізді жұмысқа қайтадан тартуға осы норма мүмкіндік беруі ықтимал. Бұл кемшілікті мойындаймыз. Жұмыс тәртібінде бұл мәселе жұмыс тобында да қарастырылды. 2-оқылымға дейін сіздің ұсынысыңызды қабылдаймыз».

Айналасы бір жылдан аса уақыт талқыланған Заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Енді Сенаттың қарауынан өтсе болғаны. Ал халық қалаулыларының ұсыныстары қаншалықты ескерлетіні уақыт еншісінде.

Мақпал Рысбаева