ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 19 баптан тұратын құжат төрт бағытты қамтиды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Педагог мәртебесі туралы заң жобасы 19 баптан тұрады. Және жарты миллионнан астам мұғалімнің жұмысына қатысты. Жалпы заң жобасы 4 бағытты қамтиды. Бірінші — ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту. Екінші — мұғалім қызметіне қоятын талаптарды күшейту. Үшінші — материалдық емес тетіктер. Төртінші — материалдық ынталандыру».

«Алайда жаңа заңның әлі де шикі тұстары бар», дейді ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Өмір Шыныбекұлы. Сондықтан ұстаз мәртебесіне қатысты заңды нақты қабылдар алдында дәл қазіргі нұсқаға бірқатар өзгерістер енгізу қажет деп есептейді.

Өмір Шыныбекұлы, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері: «Біршама талаптардың ешқайсысы енген жоқ. Керісінше, жуырда заң жобасы дайын болғанда көрсек, кәдімгі Гиппократ анты бар ғой дәрігерлердің сондай антты мұғалімдерге де қабылдау керек депті. Ол анттың мәтінін білім беруге құзіретті мекеме дайындайды депті. Осы жері мені тіпті қорқытып жіберді. Ондай болатын болса, жаңағы білім беру мекемелерінің басшылары дайындайтын болса, жаңағы ант бергізіп, бізді корпоративтік этика деп, іштегі болып жатқан жағдайды мүлдем айта алмайтындай етіп, үнімізді өшіріп тастауы мүмкін».

Меруерт Ахан