Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл. Бүгінгі жас тек ел ішінде ғана білім алып қоймай, шет мемлекеттерде де оқиды. Шетелде оқудың артықшылығы неде? Қазақстан жастары қай елдердің оқу орындарын жиі таңдайды? Шетелге оқуға түсу үшін не істейміз? Талаптары қандай? Мақаламызда осы сауалдарға жауап береміз.

Тек Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар дамыған шет мемлекеттерде тегін оқуға болады. Алайда тегін екен деп, алып ұшып барып әлін білмегеннің әлегіне түсіп қалуыңыз да ғажап емес. Талап жоғары. Оқу үлгеріміңіз нашарлап, оқу бағдарламасына ілесе алмасаңыз, оқудан шығарып жібереді.
Қазақстан жастары көп таңдайтын елдер – көршілес Қытай мен Ресей, сосын Түркия, Франция, Малайзия, АҚШ, Германия, Ұлыбритания. Тиісті құжаттарды онлайн не осындағы өкілдіктеріне барып тапсыруға болады. Сосын іріктеу өткізіп, оқуға түскен не түспегеніңізді жазып хабарлама жөнелтеді. Оқуға түсу үшін ең алдымен баратын елдің тілін білуіңіз міндетті.
Сондай-ақ, «Болашақ» стипендия-сы негізінде де оқуға болады. Талап жоғары. Арнайы сынақтан өткізеді, білім дәрежеңіз бен шет тілді білу деңгейіңізді анықтайды. Екіншіден дипломдағы бағаңызға қарайды. Егер ЖОО-да жақсы оқысаңыз, шет елде де сенімдерін ақтайтыныңызға сенеді. Үшінші, сізбен жеке сұхбаттасады. Жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыз жайында білгісі келеді. Жауабыңыз қанағаттандырса, оқуға деген мүмкіндігіңіз артады. Төртінші, жылжымайтын мүлікті кепілге қоясыз. Ондағы мақсат – елге оралатыныңызға сенімді болу. Көптеген жастар өзге елге білім қуып барып, кейін сонда қалып қояды екен. Келесі шарты, оқуыңыз аяқталған соң 3 жыл қызмет етуіңіз қажет. 3 жыл мамандығыңыз бойынша жұмыс істейсіз. Осы және өзге де талаптарына сай келсеңіз, шетелдің студенті атану мүмкіндігіңіз бар.

Болашақ бағдарламасының шымкенттік түлегі – Ерасыл Төлебаев. 6 жыл шет елде медицина саласында білім нәрімен сусындаған. Бүгінде білікті маман. «Шымкент адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жүрген шымкенттік студенттердің төрағасы.
– 6 жыл оқыдым. Бірінші Малайзия елінде 1,5 жыл шет тілін үйрендім. Ағылшынша еркін сөйлейтінмін, бірақ біз онда академиялық шет тілін меңгердік. Сосын бакалавриат бөліміне құжатымды тапсырғанда, мені қабылдамай қойды. Неге десеңіз, Малайзияда биолог мамандығы дамымаған көрінеді. Ол жаққа көбіне жастар IT мен туризмді оқуға барады екен. Сосын бағдарлама қызметкерлері мені кез келген елге, қалаған оқу орнына ауыстырып бере алатындарын айтты. Мен Шотландиядағы Данди университетіне құжаттарымды жіберіп едім, олар қабылдады. Сырттай қарапайым мекеме болғанымен, менің мамандығымды мықты оқытатын оқу ордасы болып шықты. Сол университетті 4 жылдан соң үздік тәмәмдап, 2016 жылы елге оралдым. Шет елде оқығысы келетін жастарға айтарым, қазірден бастап ағылшын тілін үйреніңіздер. Бұл – ең бірінші талап етілетін нәрсе. Бір уақытта бірнеше оқу орнына тапсырып көре берсін, емтихан тапсыру тегін ғой, оның үстіне уақыт үнемдейді, қала берді оқу орындардың бірі қабылдамасы бірі қабылдап қалуы мүмкін,-дейді Ерасыл.

Шетелде өздері тағайындаған бағдарлама бойынша оқып жүргендердің бірі Жібек Әми. Ол – Шанхай шет тілдері университетінің 1-курс магистранты. Алматыда Қаз-ҰУ-да бакалавр бөлімін бітірген соң, Қытай мемлекеті бөлген арнайы грантты жеңіп алған. Қытайтану мамандығы бойынша білім алады. Онда түсу үшін қытай және ағылшын тілін білу міндетті екен.
– 2017 жылы оқуым бойынша тәжірибеден өтуге Қытайға келгенмін, содан Шанхай қаласын қатты ұнатып қалдым. Таңдаудан жаңылмағанымды кейін түсіндім. Мұнда қазақтар көп. Біздің елмен салыстыра кететін бір жайт, мұндағылар аса қонақжай емес. Қиын тұстарын атап өтетін болсам, мұнда тамақтан қиналамыз. Көп тағамдарын жей алмайсың, бағасы да қымбат. Амалдауға тырысамыз. Десе де үйреніп кеттік,-дейді ол.

Ал Тоқтар Әлімбеков АҚШ-та кәсіпкерлік және экономика мамандығы бакалавриатураны оқып келген.
– 10-сынып оқып жүргенімде АҚШ-қа ғылыми жобамды қорғауға бардым. Мен ол елге баруды бала кезімнен армандадым. Арманым орындалып, болашақты сонда оқимын деген мақсатым пайда болды. 18 жасымда Чикаго қаласында тұратын досыма бардым, жарты жыл бойы ол жақтың оқу орындарын зерттей бастадым. Құжаттарымды даярлап, іштей қамданып жүрдім. Содан уақыты келгенде 15 шақты университетке өтінім білдірдім. Ішіндегі 10 оқу орны мені тегін оқуға қабылдады. Солардың арасынан шәкіртақысы ең көп оқу орны – Солтүстік Америкадағы орталық Мичиган университетін таңдадым. Мені оқуға қабылдағанда үш құжатыма мән берді – мектептегі аттестатымның бағаларына, IELTS (ағылшын тілі) емтиханының нәтижесіне, және SIT емтиханның көрсеткішіне қарады. Солардан алған нәтижелерім бойынша грантқа қабылдандым. Ол жақта оқу жүйесі мүлдем басқаша. Оқытушыларды жүзбе-жүз көрмейсіз, үй тапсырмасын алу, беру онлайн түрде өтеді. Әйтеуір намысқа тырысып, келесі курстарда үлгілі оқып, университетті «жақсы» деген дипломмен бітіріп шықтым. Биыл оқу бітіріп келгеніме 3 жыл болды, сонда оқығаныма, уақытында батыл қадам жасағаныма қатты қуанамын. Америкадағы оқуымның өмірімде алатын орны ерекше. Маған ол жақта сұраныс көп еді десем өтірік емес, жалақысы да кемінде айына 7000 долларды құрайтын-ды. Бірақ ол жақтың салт-санасы, өмір сүру мәдениеті маған жат болғандықтан еліме ораламын деп шештім. Біраз жоспарларым бар, шет елден алған тәжірибием мен білімімді пайдаланып, біраз ауқымды шаруалар атқарсам деген ниетім бар,-дейді Тоқтар.

Ал Ақерке Батырша Францияда оқиды.
– 2018 жылы ақпанда Қазақстан мен Франция арасында алғашқы рет жаңа оқу бағдарламасы бойынша 6 студентке грант орыны бөлінген құжатқа қол қойылды. Грантты екі мемлекет өзара қаржыландырды. Сөйтіп сол гранттардың бірі маған бұйырды. Биыл қыркүйек айынан бастап Ницца қаласындағы София Антиполис университетінің Экономика және халықаралық менеджмент факультетіне оқуға түстім. Сынақтан өту айтарлықтай қиынға соқты. Мемлекеттік конкурста 3 сағат математика, 3 сағат физика/химия, 3 сағат француз тілінен (Францияда бакалавриатта оқу үшін міндетті түрде француз тіл білімін дәлелдеу талап етіледі) емтихан тапсырдым. Мен бұған дейін жеті мемлекетке оқуға сынақ тапсырған болатынмын. Мұнда толық грант болғандықтан таңдауым Францияға тоқтады,-дейді Ақерке.

Шымкенттің тұрғыны Дәулет Махамбетәли 2016 жылы емтихан арқылы Санкт-Петербург қаласына Политехникалық университетіне оқуға түскен.
– 3 негізгі пән – орыс тілі, математика, физикадан сынақ тапсырдым. Жалпы 300 ұпайдың 270-ін жинадым. Мұнда адамдары мен өмір сүру салтынан жат нәрселерді сезінбедім. Ресей Қазақстанға қаншама грант бөліп, мүмкіндіктер қарастырды, бірақ көп орын артылып қалды. Әр күніміз есеппен өтеді.Уақытымыз текке кетпейді. Бір түсінгенім, әлемнің қай оқу орнында оқысаң да, тәртіп болмай, тәрбие болмаса бәрінің құны көк тиын,-дейді Дәулет.

Сөз соңында айтарымыз, шет елдерде оқығысы келетін жастарға мүмкіндіктер көп. Сол елдің оқыту тілін меңгеріп, ынта-ықылас танытып, мақсатыңызға ұмтылсаңыз болғаны.

Ақерке Анарқұлова

«Оңтүстік Рабат», №44, 30 қазан 2019ж