Шымкентте «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өтті

510

Шымкентте өткен «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы аясында, полиция департаменті келесідей мәлімдеме жасады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, барымташылардың көбіне үптейтіні — уақ малдар.

Шымкент қалалық полиция департаменті криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері мен сол аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторларының қазір жұмысы қызу жүріп жатыр. Кезекті жедел іздестіру рейдік шарасы бұл жолы Қаратау ауданында жалғасты. Мал ұрлығы қылмысының жолын кесуді көздеген жоба аясында тәртіп сақшылары ірі қара және уақ малдарды ұстайтын үйлерді аралап, төлқұжаттарына сай, түліктің тиісті белгі-айғақтарын анықтауға көшкен.

Арнайы жоба аясында полиция қызметкерлері мал бағатын тұрғындардың қора-қопсыларын тінтіп қана қоймайды, мал базарларды да аралайды. Сондай-ақ, ет саудалайтын дүңгіршектер мен нүктелерге барып, жедел анықтау жұмыстарын жүргізеді. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жыл басынан бері осы мал ұрлығы бойынша Қаратау ауданында 24 қылмыстық жәйт тіркелгенін айтады. Оның әзірге 18-і анықталып, ашылып отыр.

Нұржан Қожамұратов, Қаратау АПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі: «Қазіргі уақытта көбіне ұрылардың көзі түсіп, қолды қылатыны ол — қой мен сиыр.  Анықталғанындай, ұрылар көбіне 25-30 жас аралығындағы адамдар. Қылмыстың орын алатын уақыттары — түнгі 2 мен 3-тің аралығы. Ал Республикалық «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 11-13 қараша аралығында бұған дейін орын алған 3 кылмыс ашылып отыр».

Барымташылармен күрес жүргізген тәртіп сақшыларының мәліметіне сүйенсек, миллионды қалада биылдың өзінде мал ұрлығы бойынша 83 қылмыс тіркелген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2 оқиғаға артық.  Қазіргі уақытта бұның 37-сі  ашылып, барымташылардың қылмысы әшкере болған.

Мөлдір Бекеева