Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қанша әйел қаза тапқан?

438

Шымкентте отбасылық жанжалда 2 әйел көз жұмған. Тағы 2500-нан астам әйел отбасында зәбір көрген. Соның салдарынан өз-өзіне қол салуға дейін баратындары кездеседі. Осылай деп дабыл қаққан полиция қызметкерлері қазір ерлердің де шаңырақтағы зомбылықтың құрбаны болатын жағдайлардың жиілегенін айтады.

28 жастағы Гүлбану Якупова Қызылорда облысына келін боп түскен. Күйеуінен ажырасқаны үшін төркіні қабылдамай қойған әйел Шымкенттегі «Самғау сенім» орталығының есігін қағыпты. Осында тұрып жатқанына 3 айдан асқан. Екінші перзентін дүниеге әкелгеніне енді бір ай болған жалғызбасты ананың өткен өмірге оралғысы келмейді. Сөзіне сенсек, 10 жыл отасқан күйеуі үнемі сайтан суға тойып алып, таяққа жығады екен.Гүлбану Якупова (суретте), жалғызбасты ана:»Күйеуім мас болып келіп, менімен қоса үлкен ұлымды көк ала қойдай қып ұратын. Содан ұлым қатты ауырып қалды. Соңғы кездері маған қарай пышақ ала жүгіргенді шығарды. Соңғы мәрте енем ұстап қалды. Содан қорқып, кетіп қалдым. Қазір «Самғау сенімде» жатқаныма 3 ай болды, ертен 3 айдан кейін мен қайда барамын?! Наурыз айында бұл жерді босатуым керек!»

Гүлбану сияқты тағдырдың тәлкегіне тап болған 10 әйел және 29 бала қазір осы орталықты паналап отыр. Олар үшін мұнда әлеуметтік, медициналық, тұрмыстық, психологиялық және құқықтық қызметтер көрсетіледі. Бірақ, келушілердің бұл орталықты небәрі 6 ай ғана тұрақтауына рұқсат берілген.

Гуля Буриева, «Самғау сенім» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары: «Келген әйелдердің басым көпшілігі, яғни 50 пайыздан көбі —  суицидке дайын болып келеді. Өйткені өмірдің қиындығын әбден көрген, өмірден, тіпті бәрінен шаршап келеді».

Былтыр Шымкентте ерлі зайыптылардың ұрысы кезінде екі әйел көз жұмған. Биыл да жыл басынан бері тура сонша қайғылы жағдай тіркеліп отыр.Бірақ, шаңырақта тек әйел қысым көреді десеңіз қателесесіз. Әйелінен таяқ жеген еркектерден де полицияға арыз түскен. 11 айда 6 азамат отбасылық зорлықтан зардап шегіпті.

Данабай Алиев

Данабай Алиев, Шымкент қалалық ПД ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы:»Мегаполисте күніне отбасы жанжалдары туралы 40-45 шақырулар келіп түсіп отырады. Біз оларға барып, қорғау нұсқамасын шығарып, есепке алып отырамыз».

Полицияның ескертуін елемей, әйелін қайта сабайтындар көбейген. Тәртіп сақшыларының сөзіне сенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі жол беретін жәйттер көбіне қаламыздағы әл-Фараби ауданында тіркеледі. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте шаңырақ астындағы шудан зәбір көрген әйелдердің саны 2695-ке жетіпті.

Мөлдір Бекеева