Шымкентте жылуға қосылмай қалған 15 көпқабатты үй анықталды

215

Шымкентте жылуға қосылмай қалған 15 көпқабатты үй анықталды. Сала мамандарының айтуынша «Қуатжылуорталығы-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны орталықтандырылған жылу жүйесінен жылытылатын 1889 көпқабатты үйдің барлығының элеваторына дейін жылу жеткізген. Алайда бұл үйлердің жертөлелеріндегі құбырлардан ақау шыққан. Оны жөндеу тұрғындармен келісімшартқа тұрған қызмет көрсетуші мекемелердің міндеті дейді.

Шаһардағы көпқабатты үйлерге жылу беру қараша айының 25 жұлдызынан басталды. Алайда күн суыта қала тұрғындарынан жылу температурасы төмен деген шағым көбейді.

Жылу таратушы «Қуатжылуорталығы-3» МКК басшыларының мәлімдеуінше оған ауа температурасының күрт төмендеуі себеп болған. Бүгінге дейін беріліп жатқан жылудың температурасы+ 55 градус болса, бүгін таңертеңнен бастап ол +65 градусқа көтеріліпті.

Еділ Бүркітбаев қуатжылуорталығы 3 МКК бас инженері: «Біз ТЭЦ — 3 — ке температураны көтеруге тапсырыс бердік. Бүгін орта есеппен даладағы температура +6. Күн салқындаса және көтереміз».

Бұдан бөлек, қалада әлі пәтеріне жылу бармаған 15 үй бар екен. Мамандардың айтуынша бұл үйлердің элеваторына дейін жылу келіп тұр. Бірақ олар жаз айында жылу жүйелерін жылу қабылдауға дұрыс дайындамаған. Нәтижесінде жертөледегі жүйелерінде ақау шыққан.

Марат Тәжібаев: «Олар қызмет көрсететін мекемелермен келісімшарт жасаулары тиіс. Сол мекеме келген жылудың сапалы пәтерге жетуіне жауапты болады».

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, бүгіннен бастап аудан әкімдіктері жылу жүйелерінде ақауы бар үй тұрғындарымен жұмыс жасап, оларды тоңдырмаудың қамына кірісетін болды.

Нұрлан Күдерұлы