«Мұғалімдер іште, оқушылар сыртта… » Еліміздегі үшінші мегаполистегі 25 мектептің әжетханасы әлі күнге дейін аулада орналасқан. Дәретханада зорланған тараздық оқушының оқиғасынан кейін жергілікті билік өкілдері елеусіз қалған әжетхана мәселесіне бас қатыра бастады. Жұртты дүр сілкіндірген бұл жағдай шәкірттердің қауіпсіздігін сақтауға қаншалықты сабақ болмақ?
Бұл қаланың қақ ортасында орналасқан №37 мектептің ғимараты. Өткен ғасырдың 60 жылдары пайдалануға берілген нысанда қазір 700-ден астам оқушы білім алады. Балалар әжетханаға сыртқа шығуға мәжбүр.
Мектептің ішінде де әжетхана бар. Алайда, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Әсем Керімқұлованың сөзіне қарағанда, мүгедектерге арналған дәретхананы көбіне мұғалімдер пайдаланады екен.
Оқушылары қажеттілік үшін сыртқа шығуға мәжбүр мектеп тек бұл ғана емес. Білім саласы өкілдерінің сөзіне қарағанда қалада орташа есеппен 20 мыңға жуық оқушы әлі күнге әжетханаға сыртқа шығады. Шаһарда жалпы 133 орта мектеп болса, соның 13-інде әу баста бұл қажеттілік қарастырылмапты. Мұндай қиындық мектептерде ауыз судың жоқтығы, ғимараттардың ескіруі мен ыңғайластырылуынан туындап тұр. Дей тұрғанмен биыл жеті білім ошағында сырттағы әжетханасына жылу кіргізіп, ауыз су мен электр жарығын жүргізіп, жылытып қойғандарын алға тартты.
Қанат Пірімқұлов, Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы: «Қалада 25 мектепте әжетхана сыртта орналасқан. Бұл мәселе 2023 жылы шешіледі».
Мектептердегі әжетхана мәселесі Сайрам ауданында да өзекті. Аулада орналасқан дәретханалар ашық-шашық, тіпті есігі де жоқ. Қаңғыбас ит те осы маңайда жүр. Оқушы қыздар әсіресе қараңғы түскенде жеке қажеттілік үшін сыртқа шығудан қорқатындарын айтады.
Оқушылар «кешке дейін шыдаймыз, үйге барамыз, ата-анамыз алып кетеді» дейді.
Сайрам ауданында бүгінде 74 мектеп бар. Оның 80 пайызы «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасы аясында жаңартылған дейді сала басшысы. Қалған ғимараттың барлығында әжетхана аулада орналасқан.
«Ауылдарда канализациялық орталық болмағандықтан, әжетхана қарастырылмаған» дейді жауаптылар.
Статистикалық мәліметтерге сенсек, елімізде 2,5 мыңнан аса мектепте дәретханалар сыртта орналасқан екен. Заманауи қажеттілік қарастырылмаған мектептердің саны жағынан Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірдегі 600 мектептің 516-сының дәретханасы әлі күнге дейін сыртта қалып қойған. Жамбылдағы жан түршігерлік жағдайдан кейін «Балаларды қорғау кеңесінің» өкілдері екі жыл ішінде билік өкілдері ауладағы мектеп дәретханаларын толығымен жойып, оларды оқу орындарында жайғастыруды тапсырды.
Мақпал Рысбаева