Шымкенттің үлгілі отбасылары анықталды

109
фото shymkent.gov.kz

Үшінші мегаполисте балалары қоғамда елеулі жетістікке жеткен, көп балалы зейнеткер отбасылар арасында дәстүрлі «Үлгілі отбасы» байқауы өтті.

Байқау Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау такырыбы аясында ұйымдастырылған. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма және сыбайлас жемқорлыққа карсы іс-қимыл департаментінің қолдауымен бесінші рет өткізіліп отыр.

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаевтың айтуынша, отбасының мәртебесін биіктету, қарттарды құрметтеуге бағытталған сайысқа әр аудан өз үміткерлерін ұсынған.

Жалпы, 8 отбасы өнер көрсетті. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Отбасы мүшелері алдымен жетістіктерін көрмеде ұсынса, сахнада өздерін таныстырды. Сайыс барысында өнегелі отбасылар өнерлерімен қазақтың салт-дәстүрінен көріністер көрсетті. Тұсаукесер, бесік бөлеу, беташар сынды дәстүрлерімізді жаңғыртты. Одан бөлек, салт-дәстүрлер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Ақмолда бастаған әділқазылар алқасының шешімімен 1-орын Усмановтар әулетіне бұйырды. Қаратаулық отбасыға 300 мың теңге қаржылай сыйақы берілді. 250 мың теңге мен екінші орынды еншілеген Жүсіповтер (Әл-Фараби ауданы) отбасы болды. Еңбекші ауданының намысын қорғаған Рүсменбетовтер үшінші орынды (150 мың теңге) иеленді. Ал қалған отбасылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды.