Шымкент қалалық «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің өз сайты бар. Енді су және кәріз жүйесі қызметінің ақысын үйден шықпай-ақ, компьютер не ұялы телефон арқылы төлеуге болады. Бұл су арнасының тұтынушыларына уақытты үнемдеуге сеп болады. Жаңа сайттың өзге де мүмкіндіктері көп.
Мекеменің IT маманы журналистерге жаңа сайттың мүмкіндіктерін таныстырды. Айтуынша, ақпараттық технология мүмкіндігі тұтынушылардың есеп айырысуын жеңілдетіп қана қоймай, қажеттілікті өтеуге де көмектеседі.
Анарбек Орман, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-і бақылау кеңесінің төрағасы: «Жаңа сайтқа компьютер арқылы да, ұялы телефондағы кез — келген браузер арқылы кіруге болады. Сөйтіп су және кәріз жүйесі қызметінің ақысын үйден шықпай-ақ төлеуге болады. Бұл су арнасының тұтынушыларына уақытты үнемдеуге көмектеспек. Сондай-ақ, соңғы 10 айдағы төлем тарихын көруге, төлем түбіртегін басып шығаруға, басшылықтың қабылдауына жазылып, мекемемен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді».
Сондай-ақ, су шаруашылығының басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Айтуынша, бұл бағытта мекеменің 21 жылдық тәжірибесі бар.
Анарбек Орман, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-і бақылау кеңесінің төрағасы: «Түркістан облысында, басқа қалалар, ауылдарда су арналары бар. Олар 100 пайыз мемлекеттің балансында. Бірақ, шығыны шаш етектен. Себебі, мемлекеттің қаржысына ешкімнің жаны ашымайды. Ал біз тек өзімізге сенеміз. Ал мемлекет бізді қолдайды. Және біздің арнаның жұмысы нәтижелі».
БАҚ өкілдері мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Журналистер, қоғамдық қабылдау, диспетчерлік бөлімдердің жұмысын көрді. Айта кетейік, бүгінде «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС — і Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.
Айжан Ермекқызы