Жұмыс істейтін жастардан жалдамалы баспанаға құжаттар қабылдануда

422

Шымкентте сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге құжаттар қабылдау бастау алды.

Баспаналы болуға ниетті 29 жасқа дейінгі азаматтар құжаттарын қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына бес күнде, яғни қарашаның 20 мен 25 аралығында тапсыра алады.

Сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер алғысы келетін жастарға қойылатын талаптар: өз атында баспана тіркелмеген, Шымкент қаласында екі жыл тұрған, жалақысы айына 101 мың теңгеден кем болмауы керек. Және банктердің бірінде депозит шоты болуы міндетті.

Жұлдыз Ордабекова, Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы: «904 пәтерді үлестіруді жоспарлаудамыз. 304 пәтер құрылысы аяқталуға жақын тұрғын үйлерден бөлінеді. «Шымкентситиде» 2 үй, «Нұрсәт», Ю.Гагарин және Ақназархан көшелері бойында салынып жатқан жаңа үйлерден. 600 пәтерді сатып алу қарастырылуда».

25 жастағы Сәкен Ізбасаров осы жобадан үміттеніп келгендердің бірі. Жігіт мемлекеттен жасалған бұл мүмкіндікті болашақта тұрақты баспана алуға жасалған жағдай деп қарайды. «Жалдамалы пәтерде тұрып өз үйімізге ақша жинаймыз. Жастарға жақсы қолдау. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» қаржы құйып жатырмыз».

Пәтерді жалға алу ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Жалдамалы пәтер иесі коммуналдық төлемдерді төлейді. Жобаға қатысты сұрақтарыңыз болса 58-26-01 байланыс телефоны арқылы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инпекциясы басқармасының мамандарына хабарласуға болады.

Шынар Оразова