Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын келіп, көлігінде тұрған ұялы телефонының жоғалғандығын айтып, арызданады. Арыз бірден полицейлермен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіледі. Осылайша Түлкібас АПБ-нің учаскелік полицейі күдіктіні ұстау барысында оқиға болған жерге келіп, тексеру жүргізеді.
Белгілі болғандай, жәбірленуші кешкі уақытта жанар май бекетінен көлігіне май құю үшін барған. Көлік ішінде бірнеше адам болғаннан соң есігін ашық күйде қалдырып, өзі кассаға кіріп кетеді. Сол сәтте көлігінің ішінде тұрған телефон ізім-ғайым жоғалады. Көліктің жанында жанар май құятын оператор, одан соң өзге де көлік иелері болған. Алайда көлігіне жанар май толық құйылғаннан соң, жәбірленуші жарты сағаттай жүріп, ұялы телефонының жоқ екендігін байқайды. Бекетке қайта келіп, сұрастыру жасағанымен ешкім ештеңе көрмеген болып шығады. Осыдан соң жәбірленуші полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді.
Жәбірленушінің арызы бойынша жедел әрекет еткен учаскелік полицей бірнеше адамдарды күдікті ретінде қарастырып, оларға сұрақтар қойып, істі ашудың жолдарын жасайды. Ақыры тәртіп сақшысы бір күндік тиянақты іздестіру жұмыстарынан соң өзге бір көліктің иесін күдікті ретінде анықтайды. Одан айғақты зат ретінде арызданушының телефоны табылып, иесіне қайтарылады. Полиция қызметкері оның арам әрекетін әшкере еткеннен соң, күдікті істеген ісіне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұрап, екі тарап та татуласады.
Өз кезегінде Түлкібас АПБ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Мырзабек Қуанышевтің осы секілді түрлі қылмыстар орын алғанда тұрғындардың разылығына бөленіп жүрген және өзіне қарасты аумақта көмек сұрап келген кез-келген азаматтың алғысын алып, аталған қылмысты қырағылығымен ашып жүрген ісіне адал қызметкер екендігін айтып өткен жөн.