Ғасырмен ғұмырлас ғазиз Ана

205

100 жасқа толған мерейтойын Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында кешегі
өзінің сахна серіктерімен бірге «Гәккулете» шыққан Айша анамыз, қараша қаздың қанатында мұңға оралған соңғы әнімен 103 жасында мәңгілік өмірге кете барды…

Ғасырмен сырлас ғұмыры ғажайып өнер – театр сахнасында өткен қазақтың аяулы қызы А.Абдуллина 1916 жылы 26 желтоқсанда Алматы қаласындағы шаруа отбасында дүниеге келді. Анасынан жастай айырылып, нағашысының қолында тәрбиеленеді.
«Бұл өмірде ешнәрсе өздігінен болмайды. Бала күнімнен өте әсершіл, өнерге қызыға қарайтынмын. Анамнан ерте айрылдым. Нағашыларым керемет жандар еді. Әртіс болуыма Күләш Байсейітовамен көрші тұрғанымыз әсерін тигізді-ау деймін. Екі үй тату-тәтті араласатынбыз. 1933 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театры жанындағы екі жылдық актерлер даярлайтын студияға түсіп, сол жылы қараша айының 13-і күні театрға әртіс болып қабылдандым. Студияда Москвадан келген Михайл Григорьевич Насонов деген мықты режиссер сабақ берді. Мен алғашқы қарлығаш боп әртіс мамандығын алып шықтым. Сол кездегі кіл қазақтың қаймақтары – Ж.Шанин, А.Тоқпанов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов, К.Байсейітовалармен қатар сахнада жүру бақытын иелендім. Екі жыл студияда оқығаннан – сахна мектебінен алғаным көп болды. Әлі есімде, «Отеллодағы» Дездемонаны ойнар кезде мойныма жүктелген жауапкершіліктен қатты қиналдым. Шекспирді ойнау – екінің біріне бұйырмаған бақыт қой?! Ойлана келе ақыл сұрауға Күләш Байсейітоваға бардым. Күлекең қатты қуанып, Европа елі мен қазақ мәдениетінің ерекшеліктеріне тоқтала келе «Айша, ең әуелі үстіңе киген киімді жиі ұстап, сипалай берме. Өз киіміңдей сезін. Сахнада өзіңді еркін ұста. Әрбір сөзіңді анық айт, бір буын, бір әрпін шашау шығарма» деп ақыл берген еді» – деп, 100 жылдық мерейтойында абыройлы ғұмыр жолын еске алған болатын.
Сахнада 200-ден аса сүбелі роль: К.Гальдони «Екі мырзаға бір қызметші» – Биатриче, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» – Қыз Жібек, М.Әуезов «Қарагөз» – Қарагөз, О.Бальзак «Өгей шеше» – Гертруда, А.Островский «Жазықсыз айыптылар»- Гольчиха, Шекспир «Ромео-Джульетта» – Леди Капулетти, М.Әуезов «Қобыланды»- Құртқа секілді тарихи тұлғалармен қоса заманауи рольдерімен көрермен жадында сақталып қалған ерен актриса.
Жиырмасыншы ғасырдың басында адамзатқа қатер төнгізген екінші дүниежүзілік соғыс салған ойранды басынан кешкен актриса:
– Е… Ол күнді құдай қайта келтірмесін!..Фашистер ашқан соғыстан ел күйзеліп жатқанда үкімет пен партия қайда жұмсаса – сонда шапқылайтынбыз. Қарсы келуге болмайды. Онсыз да соғыстың алдында «халық жауы» деген пәлекет шығып, небір жақсы мен жайсаңдардың орылған масақтай қырылған қасіреті басылмаған кез. Бір бригада қазақ артистері қанмайданға қойып кеттік. Зеңбірек оқтары заулаған кезде, блиндажға тығыламыз. Атыс саябырлаған сәтте дереу үстіне палатка құрылған екі әскер машинасын қатар қоямыз да, сол жерде әртіс көйлектерімізді ауыстырып киіп, концертті бастап жібереміз. Тісіміз-тісімізге тимей сақылдап тұрып ән салып, аяздан сірескен аяқтарымызбен би биледік,- деген болатын.
Айша Абдулина 14 рет Кеңес Одағы медалімен наградталды.
1943 жылы «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген әртіс» атағы берілді. 1947 жылы қызыл террор тудырған нәубеттің кесірінен Шымкенттегі облыстық драма театрына ауысты. «Шымкент маған құт мекен болды» дегенді жиі айтатын актрисаға 1958 жылы «Қазақ ССР-нің халық әртісі» құрметті атағы берілді. Айша Абдулина қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесіне және екі дүркін Шымкент қалалық кеңесіне депутаттыққа сайланып, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың екі рет «Алғыс хатын» алған тарлан. Президенттік стипендиат, «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атанды.
Айша анамыздың ғасырмен сырласқан ғұмыры соңынан ерген жас артістерге өнеге, жаңылдырмас даңғыл жол болып қала бермек.

Сая Қасымбек
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры
әдебиет бөлімінің меңгерушісі

«Оңтүстік Рабат», №49, 4 желтоқсан 2019 ж