Екі баласын тастап, басқаның етегінен ұстап кеткен әке. Отбасылы еркекті құшағына елітіп, бір отбасының некесін бұзған әйел. «Тағдыр» айдарының кейіпкері өз өмірінен сыр шертіп, ерлерді де, әйелдерді де ойлануға шақырады. Анасының даналығын да жұртқа үлгі ретінде көрсетпек болып, редакциямызға хабарласуға шешім қабылдапты.

Сәлеметсіздер ме? «Тағдыр» айдары көп адамның ойын өзгертіп, өмірге басқаша көзқараспен қарауды үйретіп келеді. Өйткені, мұнда жарияланатын оқиғаның барлығы өмірден алынған ғой.
Хат жазуыма өткен өмірім себеп. Әңгімені әріден бастасам. Бір әке-шешеден екі баламыз. Бір ұл, бір қыз. Үйдің тұңғышымын. Әкеміз бізді тастап кеткенінде мен 12, ал інім 10 жаста едік. Ата-анамыз бірі мұғалім болып, ендібірі асханада жұмыс жасайтын. Жұрт қатарлы өмір сүрдік.
Бір күні анамыздың бөлмесінде үнсіз жылайтынын байқап жүрдім. Әкем екеуінің арасы жараспай жүргендей сезілетін. Қыз болғандықтан бұл жағдайды байқау маған қиын емес еді.
Әкеміз бізбен бірге дастархан басына отырмайтын болды. Тіпті үйге де көп келмейтінді шығарды. Отбасымызды көңілсіз күй басты. Анам жылай-жылай ауруға айналды. Қашан көрсек, ауырып жатып қалады.
Мұның себебін әуелі түсінбегенімізбен кейін келе анықталды. Әкемнің анасы мен әпкесі үйімізге жиі келетінді шығарды. Басқа да туысқандарымыз жиналып, екеуін ортаға алып, бір нәрсені талқылап жататын. Түсінгенім – әкем басқа бір әйелдің үйіне барып, сонда тұрып жатыр екен.
Ал туған-туыстарымыз әкеме: «бір сәттік сезімге алданба, бұл – уақытша жағдай, ертең өкінесің, гүлдей жайнаған әйелің мен үйелмелі-сүйелмелі балаларыңды тастап, қайда бармақшысың» деген сөздерді айтатын.
Сонда барып үйіміздегі уайым мен мұңның, анамның көз жасының себебін ұқтым. Туыстарымыздың ақыл айтып, араласқанынан еш оң нәтиже шықпады.
Әкем ол әйелді қатты сүйетінін, енді ғана шын махабатты сезінгенін айтып қоймайтын.
Жеңгелеріміз ас үйде: «мынаның басын ана жалмауыз әбден айналдырып алыпты, дуалап та алған шығар» деп те айтатын. Бізді өзара әңгімелерінен қанша алшақ ұстаса да бәрін біліп түсініп жүрдім.
Отбасымызды сақтап қалу үшін барлық туыстарымыз атсалысты. Анам да «балаларымды әкесіз қалдырмаймын» деп, оның үйге қайта оралуы үшін барын салды. Бірақ еш нәтиже болмады.
Бір күні үйде кешкі асымызды ішіп болып, ертеңінде сабаққа киетін киімдерімді үтіктеп отырғанымызда екі көзінен от шашып, әкем кіріп келді. «Бізге қашан тыныштық бересің, қашан жайымызға қалдырасың» деп анамды соққының астына алды. Менің қолымдағы үтікпен ұрып, басын жарды. Біздің шырқырап, тоқтатпақ болғанымызға қараған жоқ. Інімді шетке итеріп жіберіп, қан-жоса боп жатқан анамыздың жайын ойламастан шығып кетті.
Көршілерімізді шақырып, шешемізді ауруханаға зорға жеткіздік. Әлі есімде інім екеуіміз сол түні жылап, бар сұрағанымыз – анамыздың амандығы. Жаратқан көз жасымызды көрді ме, анамыз аман-есен үйге оралды. Содан бастап, басы жиі ауыратын боп қалды.
Нағашыларымыз сол оқиғадан кейін шешеме ажырасуға келісімін беру керегін айтты. Біз де енді оны «әке» деп санамайтынымызды айттық. Өзінің де көңілі қалған екен. Ажырасып, оны жайына жібердік. Анау әйелмен қауышқанына қуанып, ол да кетті.
Екеуі Алматыға көшті. Содан кейін ол адамды көрмедік. Әйтеуір Алматыда сол әйелмен үйленгені жайлы естідік.
Ал оның, яғни бізді тастап кеткен әкеміздің ата-анасы бізбен байланысын үзбеді. Үнемі хабарласып, керек кезде көмек қолын созып тұрды. Ал анам жұмысын істеп, бар күш-жігерін екі баласына арнады. Арадан 12 жыл өтті. Әкеміз бізді бір де бір рет іздеп келмеді. Анау әйелінен 3 баласы болғанын еститінбіз.
Бір күні әкемнің жеңгелерінен оның екі баласы араға алты ай салып, қайтыс болғанын естідік. 9 және 8 жастағы балалар екен.
Сол кезде жеңгелеріміз ол әйелді де күйеуін де анамның көз жасы жібермегенін айтып жатты.
Балаларға жаным ашығанымен де екеуінің жазаланғанына бір жағы рахаттанып қалғандай болдым. Бірақ ешкімге білдірген жоқпын. Ал інім «сауап болыпты» деп ашық айтты.
Сол кезде анамның көрегендігіне таң қалдым. Өзін жылатып, қаншама азап тартқызған адамға жаны ашып, көзіне жас алды. Ініме ұрсып, бұлай сөйлеуге болмайтынын айтты.
Кезінде сол әйелге барып: «отбасымды жайына қалдыр, сен жассың, әлі талай адам алдыңнан шығады» деп айтса да ол әйел анамды мазақ қылып шығарып салған екен. Сондай адамға жаны ашып отырған шешемнің жүрегі неткен таза адам екеніне қайран қалдым.
«Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» демей ме?! Араға бір жарым жыл салып, олардың үшінші баласы да өмірден өтіпті. Бұл хабарды естіген кезімде менің тұрмыс құрғаныма алты ай болған еді. Шынымды айтсам, өте бір түсініксіз сезімде болдым. «Әкемізді қатты қарғап қойдық па» деп те ойладым.
Енді бір жағынан Жаратқан біреудің жазықсыз көз жасына қалған адамдарды жазасыз жібермейтініне көзім жеткендей болды.
Үшінші баласы өмірден өткен соң бір жылдан кейін әкем анамыздан кешірім сұрауға келіпті. Оны көрмегенімізге 10 жылдан асқан. Сырт келбеті жасына мүлдем сай келмей, қатты әбіржіп, қартайып кеткен. Әйелі үш баласынан да айырылған соң өз-өзіне келуден қалған екен.
Бұл әйеліне қарап шаршағандықтан оны да тастап, қайтып келіпті. Қай бетімен келгенін Құдай білсін. Алдын ала сұрастырып, үйде інім жоқ кезге туралап, анам үйде жалғыз кезінде келген екен. Ол келген соң шешем бірден маған хабарласып, келуімді өтінді. Мен де алыста тұрмаймын. Дереу үйге жеттім. Мені көрген әкем көзіне жас алып, не істерін білмей, жәутеңдеп тұрып қалды. Құшақтап маңдайымнан иіскегісі келсе де жолатпайтынымды білсе керек. Үніз кемсеңдегеннен басқа қолынан ештеңе келмеді.
Кезінде үлкен күнә жасағанын, жас әрі ақылсыз болғанын айтып, барынша ақталып жатты.
Білмеймін неге екенін, түріне қарап, тек жаным ашыды. Оның бір күні осылай барар жері, басар тауы жоқ, айналып бізге келетінін ішім сезетін еді.
Анам оны үнсіз ғана тыңдады. Ол сөйлеп болған соң, тек кешірім бергенін айтып, бұдан былай да осы уақытқа дейін қалай жоқ болып келсе, солай өмірімізге араласпай, көзімізге көрінбей жүруін жеткізді.
Айқайламай, жай ғана айтты. Егер менің анамның орнында басқа адам болғанда оны үйге кіргізіп, тыңдамақ түгіл, табалдырықтан аттауына мүмкіндік бермес пе еді?
Анамның соншалық сабырлы қалпына, ақылды болмысына тағы бір рет тәнті болдым. Осылайша, ол яғни бізді тастап кеткен әкеміз өз әке-шешесінің үйіне қайтып келді. Анамнан күнде кешірім сұрап, тағы бір мүмкіндік беруін өтініп жүрді. Анам болса, балаларынан айырылып, қайғы жұтып жатқан әйеліне керек екенін айтып, қайтарып жіберетін. Ол әйелі сол күйі сырқат боп қалыпты.
Бір жылдан кейін інім де шаңырақ құратын болды. Әкесінің анамды жағалап жүргенін естіген ол анамызға онымен сөйлесуге тыйым салған. Тіпті тойында да әкесінің той төрінен табылуына рұқсатын бермеді.
Арнайы барып: «Егер тойға келсең не сен өлесің, не мен өлемін» деп айтып кеткен екен. Осы сөзден кейін ол қалай келсін?!
Інім үйленген соң араға үш жыл салып, әкеміз де қайтты. Жалғыз, қу тізесін құшақтаған күйі о дүниеге аттанды. Жаным ашитын. Арасында барып, жағдайын біліп кететін едім.
Жүрегім жылып, толық кешірім бермесем де оның алдында перзент парызым барын түсінуші едім. Ал інім сол күйі бетіне де қарамады. Анам жылда әкем қайтқан күні оның әруағына құран бағыштап, күнәларының кешірілуін Жаратқаннан сұрап отырады.
Қазір немелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр.
Сөз соңында айтарым: біреудің ұясын бұзған адамның өз ұясы да бұзылады екен.
Ерте ме, кеш пе, солай болары анық. Бұл сөзге тек өз басымыздан өткен осы бір оқиға емес, көзбен көріп, куә болып жүрген қаншама жағдайдан кейін көзім жетті. Сенің кінәңның жазасын өзіңмен қатар ешбір кінәсіз, жазықсыз жандар да тартуы мүмкін.
Сондықтан еркегі де әйелі де ойланса екен.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат». №51, 18 желтоқсан 2019 ж