Түркістан облысы, Жетісай ауданы әкімдігінің қызметкерлері биылғы жылы жаңа жылдық кешті тойлаудан бас тартты. Мерекелік дастарханға жиналған қаржы түгелдей қайырымдылық қорына аударылып отыр.
Биылғы жылдың мамыр айында Жетісай аудандық «Нұғман» орталық мешіті ұжымының бастамасымен Қазыбек би ауылдық округінде құрылысы басталған 12 отбасыға арналған баспананың бүгінде негізгі жұмыстары біткен. Мемлекеттен ешқандай қаржы қаралмаса да аудан кәсіпкерлері мен қайырымды жандардың демеушілігімен бой көтерген баспаналар аудандағы көпбалалы отбасыларға арналған. Мешіт басшылығы бұған дейін «Баспанаға жол» атты қайырымдылық қор құру арқылы үйсіз жүрген 7 отбасыға баспана сатып алып берген.
Бүгінгі игі іске Жетісай ауданының әкімі Жамантай Қанайұлы мұрындық болып отыр.
«Бұл сол игі бастаманың жалғасы. Біз қашан да жесіріміз бен жетімімізді жылатпаған, көмекке мұқтаж жандарымыздың кеудесінен итермеген иманды елдің ұрпағымыз. Сондықтан, біздің бұл бастамамыз өзгелерге де үлгі болсын деген оймен өзімізден бастап отырмыз. Аудандағы басқа да ұжымдар тарапынан қолдау табады деген ниеттеміз» дейді аудан әкімі Жамантай Қанайұлы.
Ал, ауданның бас имамы Бекзат Сыздықов аталған қорға қаржы жинау үшін барлық дүкендер мен сауда орындарына арнайы жәшіктер орнатылғандығын, жәшікке салынған қаржылардың әрбір тиыны есепке алынып, мақсатты жұмсалып жатқандығын айтады. Бұл үшін ел ағаларынан арнайы комиссия да құрылған.
Айта кетейік, заманауи үлгіде бой көтерген баспаналардың ұзындығы 18 метр болса, ені 9,5 метрді құрайды.