Үйдегі жарық – энергетиктер еңбегі

387

Желтоқсанның үшінші жексенбісі – энергетиктер күні. Кәсіби мерекенің Ресей, Украина, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстанда тойланып келе жатқанына келер жылы тұп-тура 100 жыл толғалы отыр.

Биыл 99-шы рет тойланып келе жатқан кәсіби мерекені шымкенттік энергетиктер де жоғары дәрежеде атап өтті.
Шымқала мен Түркістан облысының ауыл-аймақтарын жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Оңтүстік Жарық Транзит» пен «Энергопоток» ЖШС-нің 70-ке жуық маманы алғыс хаттармен, төсбелгілермен марапатталды. Сала үздіктері Қазақстан энергетиктер қауымдастығы мен ТМД елдері энергетиктері қауымдастығының грамоталары, «Еңбегі сіңген энергетик», «Құрметті энергетик» атақ-дәрежелерін алып, медальдары табысталды.


Осы салада ұзақ жылдан бері еңбек еткен, өте тәжірибелі маман – Жұмақасым Әліпбайұлы Айменов. Салтанатты марапаттау рәсімінде сала үздігіне Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің төсбелгісі берілді.
Жұмақасым Әліпбайұлы — Түркістан облысына қарасты бұрынғы Бөген ауданының тумасы. Еңбек жолын 1991 жылы электр монтерден бастаған кейіпкеріміз уақыт өте диспетчер, одан соң бас инженер болады. 1998 жылдан бүгінгі күнге дейін жоғары кернеулі электр желілері қызметінің басшысы. Қол астында 50-ге жуық қызметкері бар.
Жұмақасым Айменовтың айтуынша, жұмысы ауыр, әрі мойнына артылып отырған жауапкершілік зор. Халықты 24 сағат бойы үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз ету оңай шаруа емес, әрине.
Әсіресе жоғарғы кернеулі электр желілері арқылы қуат тек Шымкент қаласына ғана емес, облысқа да таралады. Бұл жерде жауапкершілік екі еселенеді.
Яғни, әрбір шымкенттік пен түркістандықтың отбасында жарықтың үзілмеуі, сөнбеуі – осы кісілердің қажырлы еңбегінің арқасы.
Жұмақасым Айменов қызметкерлеріне тапсырма беріп кабинетінде отыратын жандардың қатарына жатпайды. Жуапкершілікті түсінген ол қызметкерлерімен тең дәрежеде иық тіресе жұмыс істейді. Апатты жағдай болып, электр желілері үзілсе нысанның басы-қасынан бірінші болып табылатын да өзі. Тіпті, тозығы жетіп, ескірген желілерді ауыстыру жұмыстарының басы-қасында өзі жүреді. Мәселен, мекемеге тиесілі ұзындығы 2450 шақырымға жуық — 110 киловольттық, 3000 шақырымға жуық — 35 киловольттық желі бар болса, биыл «Инвест» бағдарламасы бойынша 110 киловольттық желінің — 20 шақырымы, 35 киловольттық желінің — 15 шақырымы жаңартылған.
Осы жұмыстардың желілері әрі дұрыс орындалуына Жұмақасым Әліпбайұылы өзі мұрындық болыпты. Күн демей, түн демей, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін маманның осындай жақсы қасиетін басшылық та жоғары бағалайды.
29 жылдан бері осы салада бел жазбай еңбек етіп келе жатқан Жұмақасым Әліпбайұлы Қазақстанға еңбегі сіңірген энергетик, ТМД-ға еңбек сіңірген энергетигі атақтарына лайық деп танылды.
Биылғы мерекеде энергетиктің кеудесіне Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің төсбелгісі тағылды. Бұл да оның еңбегінің нәтижесі. Жұмысының бағаланғаны.
Айта кетейік, «Оңтүстік Жарық Транзит» және «Энергопоток» ЖШС-де 4000-ға жуық қызметкер бар. Аталған мекеменің атауы 2006 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС деп өзгерді.

А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №51, 18 желтоқсан 2019 ж