Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігі Мемлекетаралық авиация комитетіне беріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасымен сөйлесті. Уағдаластық болды, бүгін кешкісін, сағат 18-40-та Мәскеуден Алматыға сарапшы ұшып келіп, жұмысқа кіріседі. Жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Жедел тергеу тобы әуе кемесі бортының өздігінен жазу құралын алды. Ертең біз қара жәшікті мән-жайды анықтау үшін Мәскеу қаласындағы Мемлекетаралық авиация комитетіне береміз», — деді Берік Камалиев. Оның атап өтуінше, қара жәшіктегі жазбалардың мән-жайын анықтау жұмыстары дүйсенбі басталады.