Әжетхана күзетпегені үшін полиция ұстап әкеткен мұғалімге министр араша түсті

264

Түркістанда әжетхана күзетпегені үшін «айыпты» болған мұғалімге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов араша түсті, деп жазады ҚазАқпарат. Шымкенттік блогер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістандағы Мағжан Жұмабаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі «әжетхана күзетпегені үшін» ұсталғанын хабарлаған.

«Мұғалімдер шырылдап көмек сұрап жазыпты. Мұғалімді «кезекшілікте тұрмадың» деп қолын қайырып алып кеткен», — деп жазды ол.

Ол сондай-ақ №15 мектеп директорының хатын қоса тіркеген. Хатта мектепте 31 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз Бақыт Кеукеновты қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткені жазылған. Директордың жазуынша, мұғалім аяқ киімінен су өткен соң соны ауыстыру үшін мектеп ғимаратына кірген. Алайда полицейлер мұғалімнің қарсылық көрсеткеніне қарамастан қолын қайырып, бөлімшеге әкетіп қалған. Кейінірек ұстаз Бақыт Кеукеновтың видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Осыған байланысты бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстазға араша түсті. «Түркістан қаласындағы №15 мектептің мұғаліміне қатысты орын алған оқиғаға ұқсас жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл мұғалімді қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, аталған оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететін боламыз. Оның ішінде, мектеп әкімшілігі мен білім бөліміне де қатысты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп санаймын. Егер осындай фактілер қайталанатын болса, қатаң шаралар қолданылады. Орын алған жағдайдың себептерін жан-жақты түсіну үшін мұғаліммен телефон арқылы сөйлестім. Жағдай менің жеке бақылауымда», — деп жазды Асхат Аймағамбетов.