Әрбір Жаңа жылды «Биыл зейнетақы қаншаға өсер екен, жәрдемақы неше теңге болар екен» деп те күтетініміз бар. Бірден айтайық, зейнетақы өседі. Көп болмаса да «пенсиям көбейіпті» деп бір айтуға болатындай өседі. Әттеген-айы сол, зейнетақы «қарыстап» көбейсе, азық-түлік бағасы «адымдап» өседі.

Сонымен келіп жетуіне айдан сәл астам уақыт қалған 2020 жылы зейнетақы мен түрлі жәрдемақының жаңа мөлшері қандай болмақ? Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департа-ментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Әнуар Ілеспаевтан сұрадық. Айтқан-берген мәліметін қаз-қалпында жарияладық.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЗЕЙНЕТАҚЫ – 38636 ТЕҢГЕ

Әнуар Ілеспаевтың сөзінше, Қазақстан Республикасының «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
– Айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңгені;
– Ең төменгі зейнетақы – 38 636 теңгені;
– Ең төменгі төменгі базалық зейнетақы төлемі – 16 839 теңгені;
– Күнкөріс деңгейі мөлшері – 31 183 теңгені;
– Ең төменгі жалақының мөлшері – 42500 теңгені құрайды.

Соған сәйкес, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлердің зейнетақы төлемі мен еңбек сіңірген жылдары үшін алып жүрген зейнетақылардың негізгі мөлшері 7 пайызға көбеймек. Ал зейнетақы төлеміне қосымша төленетін базалық зейнетақы мөлшері әр бір азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына қатысқан кезеңіне сәйкес, ең кемі 16 839 теңгеге, ең көбі – 31 183 теңгеге дейін артады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу үшін, ең жоғарғы орташа айлық табыстың мөлшері 46 айлық есептік көрсеткішпен шектелініп анықталады, яғни 121 946 теңгеден анықталады ( АЕК 2651 х 46 =121 946),-дейді Әнуар Ілеспаев.

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ШЕ?

Әнуар Ілеспаев айлық есептік көрсеткіштің және күнкөріс деңгейінің артуына байланысты, жаңа жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік төлердердің де мөлшері біршама өзгеретінін айтты.
Сонымен, күнкөріс мөлшерінің өзгеруіне байланысты жаңа жылдан бастап:

Мүгедектерге:
І топтағы мүгедектерге — 59872 теңге;
ІІ топтағы мүгедектерге — 47710 теңге;
ІІІ топтағы мүгедектерге — 32431теңге төленеді.

16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға — 43657 теңге;

16 жастан асқан мүгедек балаларға:
І топқа — 59872 теңге;
ІІ топқа — 49581 теңге;
ІІІ топқа — 37420 теңге мөлшерінде тағайындалады.

– Мүгедек баланы тәрбиелегені үшін — 43657 теңге;

– Бала кезінен І топтағы мүгедек баланың күтімі үшін — 43657 теңге төленеді.

Асыраушысынан айырылғандар:
1 балаға — 26 818 теңге;
2 балаға — 46 463 теңге;
3 балаға — 57 689 теңге;
4 балаға — 61 119 теңге;
5 балаға — 63 302 теңге;
6 және одан көп балаға — 65797 теңге жәрдемақы алады. Осылай жоспарланып отыр екен.

Тұл жетімдер:
– Әр қайсысына бөлек — (36796) теңге жәрдемақы төленеді.

АЙЛЫҚ ЕСЕПТІК КӨРСЕТКІШ – 2 651 ТЕҢГЕ

Айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеге көбеюіне байланысты:
№1 тізім бойынша мемлекеттік әлеуметтік төлемдер — 24973 теңгеге;
№2 тізім бойынша мемлекеттік әлеуметтік төлемдер — 22216 теңгеге ұлғаймақ.
– 1, 2 және 3-ші балаға — 100 738 теңгеге;
– 4-ші және одан көп балаға 167 013 теңгеге артты.

1 жасқа дейінгі бала күтіміне:
– 1 балаға — 15 270 теңге;
– 2 балаға — 18 054 теңге;
– 3 балаға — 20 811 теңге
– 4 және одан көп балаға — 23594 теңге тағайындалады.

ЕСКЕРТУ: Егер жас ана декреттік демалысқа шықпай тұрып жұмыс істесе, онда 1 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшері оның жалақысының мөлшеріне қарай тағайындалады. Ол мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді.

– 4 және одан да көп баласы бар, көп балалы отбасылар ай сайын мемлекет есебінен әр балаға – 10 504 теңгеден алады.

– «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе бұрындары «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар – 16967 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

КІСІНІ ЖЕРЛЕУГЕ 41 621 ТГ

– Жерлеуге берілетін жәрдемақы көлемі – 41621 теңгені құрайды.
– ҰОС ардагерін және мүгедектерін жерлеу үшін мемлекет есебінен – 97027 теңге беріледі.

– ҰОС қатысушылары мен мүгедектері — 42416 теңге
– ҰОС-да қаза болғандардың жесірлері — 11877 теңге
– Соғыстан кейін қаза болған ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) — 6787 теңге
– Кеңес Одағының Батырлары мен үшінші дәрежелі Даңқ орденінің кавалерлері — 25450 теңге
– Социалистік Еңбек Ері, үшінші дәрежелі Еңбек даңқы орденінің кавалерлері — 197898 теңге көлемінде ай сайын жәрдемақы алады.

– Тыл еңбеккерлерінің жәрдемақысы —5647 теңгеге көбейеді.

Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап, Еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан жүргізілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5% арттырылады.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төленетін төлемдері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 5 пайызға артады.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №47, 20 қараша 2019 ж