Ағымдағы жылдың соңғы күні 31-ші желтоқсанда облыс мәслихатының кезектен тыс сессиясын өткізу көзделуде.
Онда республикалық бюджеттен бөлінген трансфертті салаларға бөлу қарастырылмақ.
Облыс мәслихатының кезекті 44-ші сессиясының алдында тұрақты комиссиялар отырысында депутаттар сайланған ауылдарында уәде еткен сапалы ауыз су, электр жарығымен қамту және жол, газдандыру мәселелерінің шешімін таппай жүргенін айтқан болатын.
Ордабасы ауданынан сайланған облыс мәслихатының депутаты Қайнар Абасов Шұбар су елдімекенін газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге қаржы бөлінді ме деген сұрақ та қойған.
Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Арман Абдуллаев қаржы тек өтпелі нысандардың құрылысын аяқтауға бөлінетінін, келер жылы жаңа құрылыс жүргізілмейтінін атап өтті. Ордабасы ауданы бойынша Қажымұқан елді-мекенін газдандыруға қаржы қарастырылыпты. Өйткені, мұндағы нысан өтпелі.
35,5 млн. теңге Кентау қаласын газдандыру бойынша жоспарланған 3-ші кезеңді аяқтауға бағытталды. 2020 жылдың бюджетіне шалғайдағы Мақтаарал мен Жетісайға 3-ші автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу жайында ұсыныс жасалынады.
Шынар Оразова