Бүгінгі жергілікті жас айтыс ақындары шеберлігін қайда шыңдайды? Айтыскерлердің кіріс көзі, табысы қайдан түседі? Бойындағы өнерін ақша табуға пайдалана біле ме? Оы және басқа да көп сауалдың жауабын бүгінгі жас ақындардан сұрап білдік.

ҚР Тәуелсіздік күнінің 28 жылдық мерейтойы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің жастары» республикалық жас ақындар айтысы өтті. Төл өнердің тілімен тәуелсіздік құндылықтары жырланған сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 6 жұп яғни 12 жас ақын қатысты. Олар айтыстың қуатты сөздерімен құрдастарын отансүйгіштікке шақырды. Кешегі боздақтардың еңбегін егіле жырлағандары да болды. Кіл мықтылардан құралған алты жұптың арасында қағытпа әзілдерімен көрерменді күлкіге қарқ қылғандары да бар.
Бұл айтыс басқа айтыстардан басқаша. Мұнда тек жас ақындар ғана бір-бірімен сөз сайысмына түсті. Өңірімізге белгілі, халық сүйіспеншілігіне бөленіп, төл өнерімізге өлшеусіз үлес қосқан Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова сынды айтыскерлердің алдында өнерлерін паш етіп, олардың жоғары бағасын алуға барын салды.
Мұндай ерекше айтысты өңіріміздің ең жас ақындары саналатын небәрі 17 жастағы Нұрмахан Жақып пен Рахат Аман жұбы бастады. Мектепте оқитын қос өрен өрнекті сөздерімен тәуелсіздік жетістіктерін санамалады. Мәнді де мәнерлі ұйқастары екеуінің де таным-талғамын танытты. Бодан күнде тумаса да бүгіннің қадірін түсінетіндерін көрсетті.
Дүбірлі сайыста аталған университетте оқыған, осы оқу орнының дара баласы, қара баласы атанған 22 жасар Нұрғали Әнәпия бас жүлдені иемденді. Жас болса да ұтқыр ойы мен мағыналы шумақтары халықтың да әділқазылар алқасының да көңілінен шықты.

«АЙТЫС ӨТЕ СИРЕК ӨТЕДІ»

Нұрғали Мұратұлы 1998 жылы Сарыағаш ауданына қарасты Тасқұдық елдімекенінде дүниеге келген. ОҚМПУ-дің филология мамандығында 4-курс оқиды. Айтысқа 6-сынып оқып жүргенінде келген ол бүгінде жас буынды таныстыратын ақындар айтысының сиреп бара жатқанын айтады.

– Оңтүстікте айтыс өте сиреп кетті. Жылына 1-2 рет қана болады. Бұған өңіріміздегі мәдениет саласында тұрақты басшының болмауы да себеп. Бұрын жыл сайын Әз Наурызда тұрақты өткізілетін айтыс та бүгінде болмай қалды. Бұл жергілікті мәдениет саласына жауапты адамдардың жөнді жұмыс істемеуінің белгісі деп білемін. Қазіргі жас айыскерлердің көбі дерлік Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп интернатынан шығып жатыр. Атап айтсам, Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдашов, Нұрлан Есенқұлов сынды ағаларымыз сол жерден түлеп ұшқан. Өзім де сол мектептің түлегімін. Қазір бұл оқу ордасынан жас ақындар тәлім алып, айтысқа шығып шыңдалып жатыр. Бірақ үлкен айтысқа шығып, елге танылайын десе сол жастардың танылуына бір кедергі бар. Бұл – айтыстың сиреп бара жатқандығы. Өкінішке қарай, олардың тәжірибе алып шыңдалатын жері болмай тұр. Егер осы төл өнеріміз жеткілікті деңгейде өткізілсе, жастардың танылуына, ары қарай осы салада жетілуіне жол ашылар еді,-дейді Нұрғали Әнәпия.

Бүгінде ел ішінде «қазіргі айтыс ақындары келісіп айтысады» деген сөз тараған. Мұның мән-жайын да Нұрғалиден сұрадық.

– «Қазіргі айтыс ақындарының бәрі келісіп айтысады» дегенге қосылмаймын. Өйткені, бас көтеріп жүрген айтыскерлердің талабы өте жоғары деңгейде. Тіпті айтысқа енді аяқ басып келе жатқан оқушылардың суырыпсалма өнері басым. Себебі, қазір ақпараттың басқаның дамыған кезінде олардың ойы өте жүйрік. Мынадай бір жағдай бар. Егер, танымайтын ақынмен айтысқа шықсаң, оның туған жерін біліп, жеке басына қатысты біраз мәліметтерді сұрап аламыз. Әйтпесе, болмайды. Қарсыласың жайлы ақпаратқа қанығу деген қай ақында болмасын бар жағдай. Қай тақырыпты көбірек қозғау керегін ғана келіспесе, былай бастан аяқ не айтып, не қоятынының барлығын келісу мүмкін емес. Сондықтан ел арасында мұндай жансақ пікір қалыптаспаса екен,- дейді ақын.

Нұрғалидің сөзінше, айтыс сирек өткізіледі. Онда айтыскерлерге айтыстан түсетін қаржы да аз болса керек. Айтыс ақындарының басқа да кіріс көздері қайсы? Бұл сұраққа да жауап алдық.
– Қазір айтыс ақындарының бәрі 100% тойға барып, несібесін тойдан тауып жүр. Бұл рас. Жаратқанның берген өнерін өзінің игілігіне қолданудың әбестігі жоқ. Тек айтыспен қана күн көру мүмкін емес. Сөз басында айтқанымдай, өңірімізде айтыс жылына бірнеше рет қана ұйымдастырылады. Енді қараңыз, бір айтысқа 10-нан аса айтыскер қатысса, бәріне бірдей жүлде бұйырмайды. Сол себепті де әркім әліне қарай шабады. Көбі той басқарады. Беташар жүргізеді. Жаңа түскен келіннің бетін әуел бастан біздің ақындар ашқан. Сондықтан қазіргі таңда да келіннің бетін ақындардың ашқанында тұрған ештеңе жоқ. Өзім де көбінесе бет ашамын. Осы өнерім арқылы қаржы тауып, отбасыма қарайласамын. Сөз соңында, айтыста білімнің өте маңызды екенін айтқым келеді. Айтыс ақыны ғана емес, кез келген адам өзінің білімін жетілдіріп, мәліметті көбірек білуі абзал. Қай салада болмасын білім жинамасаң, өмір өзі шетке ысырып салатыны анық. Заман талабы да соны қажет етіп отыр,-дейді Нұрғали Әнәпия.

«АЙТЫСКЕРЛЕР КЕЛІСІП АЙТЫСУЫНА ҚАРСЫМЫН»

Келесі кейіпкеріміз – өңіріміздің ең жас ақыны – 17 жасар Нұрмахан Жақып. Арыс қаласына қарасты Байтоғай ауылының тумасы. Нұрмахан Әріпжанұлы жас та болса басқалардан ерек қасиетімен көптің көзайымына айналып үлгерді. Айтысқа келгеніне 4 жыл болыпты. Нұрмахан да Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп интернатының түлегі. Поэзияға жаны жақын жас бала кейін келе жан қалауын айыс-тан тауыпты.
– Кішкентайымнан өлең оқығанды жақсы көріп өстім. Өсе келе өзім де өлең жаза бастадым. Айтысқа да жан қалауыммен келдім. Қазіргі айтыс өнері өте қарқынды дамып келе жатыр. Жастардың да қызығушылығы өте жоғары. Ерекше қызығушылық танытатын жастың бірі – өзім. Сондықтан болашағымды да айтыспен байланыстырғым келеді. Бұл үшін жан-жақты ізденісте болу керек. Тек ел жаңалықтарымен шектелмей, жаһан жаңалықтарынан хабардар болу шарт. Қай сала болмасын үлкен еңбекті, ізденісті қажет етеді. Білім жетілдірген сайын шыңдалып, сол салаға қанығатыны рас. Бізге әлі көп іздену керек. Қазір жолдың басындамыз. Төл өнердің сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі – борышымыз,-дейді Нұрмахан.

Ол ел ішінде тараған «қазіргі айтыс ақындары келісіп айтысады» деген сөз бен ақындардың тойға шығып, ақша табуы турасында да пікірін айтты.
– «Ақындар келісіп айтысады» деген пікрді жиі естиміз. Бірақ бұған өте қарсымын. Дегенмен мынаны да айтқым келеді. Қазіргі таңда өзіміз аралас-құралас жүрген ақындардың қай-қайсысының болмасын келісіп айтысып жатқанын көрген емеспін. Кейбір ақын бауырларымыз той-жиындарда өнер көрсетеді. Бірақ мен тойға шықпадым. «Той – халықтың қазынасы» дегендей, сол қазынаға өзінің өнерімен үлес қосып жүргендердің бұл ісін теріс көрмеймін. Айтыс аз ұйымдастырылатын бүгінде айтыстың солай насихатталауы дұрыс шығар,-дейді Нұрмахан Жақып.

Сұхбаттасқан – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №51, 18 желтоқсан 2019 ж