Кімнің алдында болмасын, қандай жағдайда болмасын, шындықты айту дұрыс па? Шындықты айту қашан да кез келген істің дұрыс шешімі ме? Редакциямызға хабарласып, «Психолог бұрышы» арқылы маман кеңесіне жүгінген кейіпкеріміз сауалдарына жауап іздейді. Газетіміздің тұрақты оқырманы көптен бері тынышын алған мәселесін баяндады.

Сәлеметсіздер ме? Шымкент қаласының тұрғынымын. 56 жастамын. 6 балам бар. Бақытты анамын. Сіздерге хабарласудағы басты мақсатым – психолог кеңесіне жүгінгім келеді. Осы кезге дейін ешкімге айтпаған жан сырыммен бөліссем деп едім. Сол үшін де есімімді және жұмыс орнымды жасырын ұстауды жөн көрдім. Күйеуім бес ағайынды. Бір үйде екі ұл 3 қыз. Әкелері кішкентай кездерінде қайтыс болғандықтан, бесеуін де анамыз тәрбиелеп өсірген. Сондықтан да біздің әулетте анамыз не айтса, сол заң.
Күйеуім – екі ұлдың кішісі. Қайынағам біз отбасын құрардан бір жыл бұрын үйленген. Мен келін болып түскенімде әлі бала-шағасы жоқ еді. Уақыт өтіп, біз үш балалы болдық. Бірінші баласынан ұзақ уақыт немере күткен енемнің қуанышында шек болмады. Қатал мінезі болмаса, бізге ешқашан жамандық ойламайтын.
Үнемі дұрыс бағыт-бағдар бере білетін. Сондықтан да ол кісінің айтқанынан шықпайтынбыз. Бір күні төртінші балама жүкті болдым. Қуанышты жаңалықты енеме және күйеуіме айттым. Олар да қуанып қалды. Бірақ анамыз сол жаңалықты естігеннен кейін бірнеше күн ой үстінде жүрді. Дастархан басынан ерте тұрып кетеді. Бөлмесінен көп шыға қоймайды.
Енемнің бұл жағдайын «денсаулығы болмай жүрген болар» деп қабылдадым. Үш күннен кейін енем күйеуім екеумізді алдына шақырып, өте маңызды мәселе бойынша сөйлесетінін айтты.
Көзге тіке қарап, өз қалауын айта салатын анам сол әдетінен танбай менің бетіме қарап тұрып: «ішіңдегі балаңды қайынағаң мен абысыныңа бересің, абысының сәбиді бауырына басады. Соған қай-қай жағынан да дайын болып жүр» деп төтесінен қойып қалды.
Жолдасым да тосырқап қалды. Менде үн жоқ. Көзім жасаурап отырып қалдым. Сол сәтте анамыз: «Олардың бір перзентке зар болып, қалай қиналғанын көріп жүрсіңдер. Ағаң жеңгеңді тастай алмайды. Менің көзім тірі тұрғанда бұған жол бермеймін. Ағаңның да ізін жалғастыратын ұрпағы болуы керек. Ал, ол ұрпақ өзіміздің қанымыздан болады. Бұл бала қыз болсын, ұл болсын ағаларыңның баласы болады. Осылайша «Майкөтен» дәстүріне сай ағаң мен жеңгеңнің өз кіндігінен бала болуына жол ашайық. Баласы болса, бола жатар, болмаса осы баланы өзі қабылдайды» деді.
Қарсы шыға алмайтынымыз анық. Бізге ойлануға уақыт берді. Егер келіссек, ағамыз бен абысыныма айтатын болды. «Ойланыңдар» дегені болмаса анамыз өзі іштей шешімін қабылдап қойған еді. Көндіретіні анық. Күйеуім екеуіміз ақылдаса келе келісімімізді бердік. Мен қатты қиналдым. Ішімде енді ғана жан бітіп келе жатқан сәбиім бар. Оны тоғыз ай көтеріп, туған соң «басқа адамға берем» деген ой санамды сан-саққа жіберді. Бір жағынан абысынымның бір балаға зар болып жүргені көз алдыма келеді. Біз апамыздың арқасында ешқашан бір-біріміздің бетімізден алып көрмедік. Солай тәрбиелеген. Абысынымның өте жақсы ана болатынына сенетін едім. Келісуімнің басты себебі де сол болды. Ол біздің бала-шағамызды қатты жақсы көреді. Әр мейрам сайын ағамыз екеуі әр баламызға арнайы сыйлықтарымен келіп тұратын. Табыстары да жақсы. Соның бәрін ойлана келе баламды беретін болып шешім қабылдадым. Әрине, өте ауыр шешім.
Қайынағам мен абысыным да бұл жаңалықты өте жылы қабылдады. Бізге алғыс білдіріп, баланы тез бауырларына басқанша асықты. Апам абысыныма бала іште жатқаннан жақын болуын айтты. Ол үнемі менің ішімді сипалап, іште жатқан балаға ертегі айтатын, ыңылдап ән салып та жатады.
Жүкті кезімдегі барлық қажеттілігімді өздері қамтамасыз етті, өйткені оны балаларының міндеті санады. Ай-күнім жетіп, босандым. Қолыма сәбиімді алған кезде қимастық сезімім күшейді. Апам маңдайынан бір сүйгізді де аурухана төсегінде баламды қолымнан алып, абысынымның қолына салды. Бір рет те сүт емізген жоқ.
Маған айтқаны «таза, аппақ ниетіңмен бер» деген сөзі болды. Жылап қалып кеттім. Осылайша төртінші сәбиім көзін ашар-ашпастан қолымнан сытылып кете барды. Үйімізге келдік. Апамыз бар жағдайымды жасап, күтті. Қатты ниеттенген болар, омырауым да сыздап ауырып кетпеді. Бірнеше күнде сүтім де тартылып кетті.
Баламыз көз алдымызда өсіп жатты. Ешкімге көрсетпей, еміреніп сүйіп қоямын. Апамны, қайынағам мен абысынымның жанында ол балаға жақындауға қорқатынмын. Олар туғанындай қабылдап, бар жылы-жұмсағын алдына қойып, туған ата-анасындай қамқорлық танытатын. Бұған да шүкірлік айтып мен жүрдім. Ұл бала еді. 12 жасқа келгенде абысыным жүкті болды. Әулетімізде ерекше қуаныш орнады. Апам маған «балаңды аппақ ниетіңмен берген екенсің, құлыным» деп маңдайымнан искей береді. Ағамыз бен абысыным да ерекше қуанды. Өйткені олар да күтпеген еді. Бірақ абысыным арада әңгіме болған кезде Жаратқаннан ешқшан күдерін үзбейтінін айтқан. Сүп-сүйкімді ұлды дүниеге алып келді. Ұлан-асыр той жасап, барымызды шаштық. Апамның қуанышында шек жоқ.
Енді айтпағым, қазір бала-шаға есейген. Ол бала да 18-ге келіп қалды. Әлі күнге туған ата-анасы біз екенімізді білмейді. Мені бір ой маза бермейді. «Балаға шындықты айту – туған ата-анасының парызы болар» деп ойлаймын. Әлде асырап жеткізген ата-анасының міндеті ма?
Менің ойым – ол баланы өзіме алу емес. Бір ғана уайымым бар. Егер бала сырттан біреуден естіп-біліп қалса, не болады? Тілі ұзындар онсыз да көп.
Имамдардан естуімше, балаға шындықтй айту керек екен. «Айтпаса, туған ата-анасы күнә арқалайды екен» деп естіп жатамыз. Осының бәрі ойымнан бір сәт кетпей, мазалайды.
Баламды көрген сайын, ол есейген сайын, осы бір ой маза бермейді. Шындықты айтудың қандай жолы бар? Ешкімнің жүрегін жараламай, қалай жеткізуімізге болады? Егер апамның көзі тірі болғанда бір амалын табар ма еді? Өкініштісі, ол кісі 4 жыл бұрын өмірден өтті.
Ойланбай әрекет етіп, ағамызды да, абысынымды да ренжітіп алғым келмейді. Бастысы – баланың психологиясына ауыр тиетін жайтқа барудан сақтанамын. Бұл жағдай туралы күйеуіммен де, қайынағамызбен, абысыныммен де ашық сөйлесе алмаймын.
Әлде осы күнге дейін үндемей келдім, бұдан кейін де үндемей жүре бергенім дұрыс па? Жанымды жегідей жеген осы сауалдарға психолог маманнан кеңес алғым келеді.
Сондықтан да хикаямды баяндап отырмын.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №52, 25 желтоқсан 2019 ж