Бас педагогтың қамалуына наразы

336

«Жасанды құжатымен білім бөлімін басқарған». Дәл осы айыппен Төле би аудандық білім бөлімінің басшысы жұмыстан шеттетіліп отыр». Осы мәселеге байланысты арнайы баспасөз конференциясын өткізген білім бөлімі басшысының күйеуі мен адвокаты мұны заңсыз деді.

Айтулыранша, сол аудандағы кәсіпкер әйел білім бөлімінің басшысына қатысты түрлі бейәдеп жазбаларды әлеуметтік желілерде жариялап, тіпті оның колледж білімімен аудандық білім бөлімін басқарып отыр деп масқаралаған. Бұл аздай, осы уәжімен аудандық, тіпті облыстық құқық қорғау органдарына арызданыпты. Сол арызға сүйенген жергілікті билік өкілдері бүгінге дейін Төлебидегі білім бөлімін басқарып келген Роза Аманованы тергеу жүріп жатқандықтан, атқарып жатқан жауапты қызметінен уақытша шеттеткен.

Ал осы және өзге де арыз-шағымдардың еш негізі жоқ деген шенеуніктің адвокаты бұл істің тергеу барысы 8 айға созылып кеткеніне наразы. Сөзіне сенсек, қорғауындағы азаматшаның аталған лауазымды атқару талабына білімі мен тәжірибесі жеткілікті. Мемлекеттік қызмет ережесі ескерілгендіктен, бұл қызметке тағайындалған. Соған қарамай, жергілікті тергеу қызметі арызданушының негізгіз арызына құлақ асып, Төлебидің бас педагогын қамауға алу туралы қаулы да шығарыпты.

Гүлжан  Абдукаликова, Р.Аманованың адвокаты: «Адам өлтірген жоқ немесе пара алып, мемлекеттің мүлкін талан-таражға салып, шығын келтірген жоқ! Өзінің қызметін адал атқарып жатқан мемлекеттік қызметкерді бір кәсіпкер үстінен арыз жазды деп, осыншама дәрежеге жеткізу — 8 айдан бері оны сандалтып, оны қызметінен шеттету, сондай-ақ, қылмыстық іс бойынша өзі қорғанайын десе, іс материалдарымен таныстырмай, оның құқығын шектеу деген сөз — ҚР Конституциясына бағынбау деген сөз! Аманованың іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ, ол кісі жалған дипломды ешқашан пайдаланып, қызметке тұрмағанын енді біз сотта дәлелдейміз деген үміттеміз».