Басыңыз, бұлшықетіңіз бен буындарыңыз ауырып жүр ме? Ас-ауқатқа тәбетіңіз тартпай, бойыңызды әлсіздік биледі ме? Дене қызуыңыз көтеріліп, түшкіріп-пысқырып жүрсіз бе? Бұл – тұмаудың белгілері. Ауру асқынғанда ағзаның басқа да мүшелерін зақымдайды. Сондықтан да уақыт оздырмай, дәрігерге қаралыңыз. Сізге қажет ем жасайды. Бәрін дәрігер айтқандай жасасаңыз бір-екі күнде жазылып кетесіз. Ауру қайта бас көтермесін және отбасыңыз ауырмасын десеңіз ең дұрысы – тұмауға қарсы екпе жасату. Біле білсеңіз, вакцинацияның пайдаса зор. Иммундау арқылы көптеген жұқпалы дертті алдын алуға және онымен күресуге болады.

ИММУНДАУ 21 ТҮРЛІ АУРУДАН ҚОРҒАЙДЫ

Иммундау – денсаулық сақтаудың ең табысты әрі тиімді әдістерінің бірі. Екпе арқылы тұмау, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, гепатит, жел шешек, дифтерия сияқты бактериялық және вирусты аурудың 21 түрінен қорғануға болады. Ал балақайлар 14 түрлі аурудан сақтайтын вакциналарды алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне көз салсақ, әлемде жыл сайын 1,5 млрд адамға екпе жасалады. Нәтижесенде жыл сайын әлемдегі 3 млн адамның өмірі мен денсаулығы жұқпалы аурулардан қорғалады, 750 мың бала мүгедектіктің құрығынан аман қалады. Ал елімізде жыл сайын 5 млн адамға, оның ішінде 1,3 млн балаға инфекциялық ауруларға қарсы екпе жасалады екен.


– Екпе — денсаулықты сақтауда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін профилактикалық шара. Атап айтсақ, елімізде жоспарлы иммундау шарасын өткізу нәтижесінде, көптеген ауруларды азайтуға мүмкіндік туды. Мәселен, қызылшамен ауыру 10 есеге, қызамықпен ауыру — 68 есеге, эпидемиялық паротит — 110 есе, «В» вирустық гепатит — 30,6 есе азайды. Еліміз 2002 жылдан бері полиомиелиттен азат аумақ болып саналады. Соңғы алты жыл ішінде дифтериямен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ, -дейді иммунолог-дәрігер Тіллә Тамаева.

ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Тіллә Тамаеваның сөзінше, вакцинаны ағзаға еккенде, иммундық жүйенің жұмыс механизмі іске қосылады. Яғни, адам ағзасында — дәрі құрамындағы микроағзаларға қарсы тұратын денелер бас көтереді. Осылайша адам ағзасы әлгі «микробтармен» күресе отырып, ауруға қарсы тұруға үйренеді. Ағза мен «микробтар» арасындағы арпалыс адам баласы шыр етіп дүниеге келген күні-ақ басталады екен. Себебі, АКДС, БЦЖ секілді екі бірдей екпе перзентханада дүниеге келген балаға төрт күн ішінде жасалады.


– Ауруларға қарсы әр екпенің өзіндік күнтізбесі болады. Себебі, вакцинаның құрамындағы микроағзалар әр түрлі мерзімге дейін өміршең болып келеді. Кейбір вакциналар бір мезетте бірнеше мөлшерлі дозадан салынуы керек. Мәселен, кей кезде бір мезетте 5 екпеден салынады. Осылайша, балалар 2 жасына дейін 26 екпені алады. Дегенмен уайымдауға негіз жоқ. Тұрғындарды иммундауға ҚР-да мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар ғана пайдаланылады. Оған қоса, балаларды кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өндірісін ДДҰ сертификаттаған вакциналарды ғана сатып алады. 2013 жылдан бастап Қазақстанға әкелінетін вакцинаның әрбір партиясы үшін олардың қауіпсіздігі мен сапасын міндетті түрде сертификаттау талабы енгізілді. Ал екпенің құрамындағы бактериалық және вирустық ақуыздардың жалпы мөлшері аз,-дейді дәрігер.

ҚАЙСЫСЫН ҚАЙ КЕЗДЕ АЛУ КЕРЕК?

Екпе күнтiзбесiне байланысты бала 1 жасқа толғанша 10 екпе қабылдайды. Айталық, 2 айлығында — құрамдастырылған: сіреспеге, көкжөтелге, дифтерияға, вирустық «В» гепатитіне, «в» типті гемофильдік инфекцияға, инбелсендірілген поливакцина мен пневмонияға қарсы екпе алады. 3 айлығында да құрамдастырылған: көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, «в» типті гемофильдік инфекцияға, инбелсендірілген поливакцина салынады. 4 айлығында да 2 айлығындағыдай құрамдастырылған екпе салады. Ал 1 жаста — полиомиелитке, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке, пневмонияға қарсы егу жасалады. 1 жас 6 айлығында көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, «в» типті гемофильдік инфекцияға, инбелсендірілген поливакцина қайталап егіледі. 6 жас-та балаға 3 түрлі екпе жасалады. Олар: БЦЖ+АбКДС+ККП: туберкулезге, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамыққа қарсы қайталап егілсе, 16 жаста дифтерия, сіреспеге қарсы егіледі. 16 жастан әр 10 жыл сайын (26 жас, 36 жас, 46 жас, 56 жас) дифтерияға, сіреспеге қарсы егілуге тиіс. Аталмыш екпелер тіркеу бойын-ша емханаларда тегін жасалады. Одан бөлек тұмауға қарсы екпе бар. Учаскелік терапевтер тұмау мен жедел респираторлы вирустық инфекциясын алдын алуда тұмауға қарсы екпенің рөлі зор дейді. Сол себепті, жыл сайын медицина қызметкерлері, 60 жастан асқан әртүрлі созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар адамадар мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер (2 – 3 триместрі) тұмауға қарсы тегін егіледі.
Осылайша дәрігерлер екпе арқылы денеге вирусты жіберіп, ағзаның онымен күресуі арқылы ауруға қарсы тұратын иммунитетті қалыптастырады. Екпелер түр-түріне қарай ауызға тамызылады, санға, білекке, башпайға егіледі.

ЕКПЕ АЛМАҒАННЫҢ ИММУНИТЕТІ ӘЛСІЗ

Вакцинацияның медицинадағы рөлі мен адам денсаулығына пайдасы жайлы дәрігерлер айтқанымен кейбір жандардың екпеге күдікпен қарайтыны бар. Дәрігерлердің айтуын-ша, халық арасындағы екпеге деген «бұрыс» көзқарас мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралатын қауесеттермен байланысты. Ендібірі діни қөзқарасты алға тартады екен.
–Вакцинациядан бас тартатындардың бір парасы — «баланың ағзасына дәрі жіберу шариғатқа қайшы» дегенді алға тартады. Ендібірі — вакцинаның сапасына, дәрігерлердің оны дұрыс егетініне күдікпен қарайды. Арасында вакцинацияның не үшін жүргізілетінін білмейтіндер бар екен. Вакциналардың санының көп болуы баланың иммунитет жүйесіне кері әсер етуі мүмкін дейтін ата-аналар да бар. Кейбір ата-аналар вакцина аутизмді тудыруы мүмкін деп алаңдайды. Алайда алаңдауға негіз жоқ. Керісінше екпе егілмеген балалардың иммунитеті әлсіз болады. Ол бала қоршаған ортадағы түрлі жұқпалы ауруларды тез қабылдайды. Бұл өзіне және айналасына қауіпті,-дейді иммунолог Тіллә Молдажанқызы.
Жасыратыны жоқ кейде екпенің де кері әсері болады. Оған екпеден кейін болған кері әсерлер, қайғылы оқиғалар мысал бола алады. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiн сотқа берiп, өтемақы алған ата-аналар да бар. Алайда мамандар мұндай оқиғалар саусақпен санарлық дегенді алға тартады. Оның үстіне қайғылы жағдайдың орын алуына ата-ананың да кінәсі бар дейді.
– Ата-ана баласы ауырып тұрғанын жасырып, «қайта келіп жүретін уақытым жоқ» деген сылтаумен, баласына вакцина салдыртады. Ендібіреулері екпеден кейін баласын шомылдырып жатса, екіншілері күтінбейді. Баласы суықтап қалады. Мұндайда кері әсері болса, кінәсін мойындағысы келмей, айыбын дәрігерлерге не вакцинаға аудара салғанды құп көреді. Осылайша халық арасында теріс пікір қалыптасады, — дейді педиаторлар.
Екпенің медицинадағы пайдасын әлемдік тәжірибелер дәлелдеп отыр. Бірақ вакцинацияның ашылмаған сыры көп. Ал сіз не дейсіз оқырман? Балаңызға не өзіңізге екпені уақытында салдырасыз ба?

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік  Рабат», №48, 27 қараша 2019ж