Түлкібас АПБ-нің кезекшілігіне жасырын есімді тұлға хабарласып, жергілікті тұрғынның бірінің есірткі затын сатумен айналысып жүргендігін жеткізеді. Арыз бірден тіркеуге алынып, аудандық полицейлер Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, жедел шараларды атқара бастайды.

Нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, оның есірткі сатумен айналысқандығы белгілі болды. Күдіктінің қалтасынан 30 грамм есірткі тектес заты да табылды. Осыдан соң полицейлер оның үйін тінтуге кіріседі. Тәртіп сақшылары күдіктінің тұрғылықты мекен-жайынан 0,21 грамм есірткі тектес затын анықтап, табылған заттардың барлығын сараптамаға жолдайды. Нәтижесінде айғақты заттардың марихуана екендігі белгілі болды.

Бүгінгі таңда ұсталған жергілікті тұрғынға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу», 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің бұрын соңды сотты болмаған және жұмыссыз екендігін анықтады.

Қылмыстық іспен айналысып жатқан Түлкібас АПБ-нің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Әміржанұлы Тәжібайдың айтуынша, күдіктінің тағы да басқа қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкіндігі тексеріліп, барлық құжаттар жинақталғаннан соң сотқа жолданатын болады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде есірткі затын заңсыз пайдалансаңыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертеді. Сондай-ақ, есірткі құралдарын пайдалану бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға зиян екендігін ескеріңіз.