Шымкент қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен есірткіге қарсы күрес басқармасының бірігуімен ақпараттық іс — шара өтті. Мұз сарайында өткен шара барысында нарколог-дәрігерлер қабылдау жүргізіп, мамандар есірткінің зияны және есірткіге қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады.
Сондай-ақ шара барысында қалалық №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары өнерлерін көрсетті. Спортшылар мұз айдынында мәнерлеп сырғанап, шорт-трек спортынан мықты екендерін көрсете білді. Конценрттік бағдарлама соңында жас шайбашылар екі топқа бөлініп сайысып, қала тұрғындарына ерекше ойын өрнегін көрсетті.
Шара соңында Шымкент қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы атынан мұз айдынында өнерін көрсеткен таланатты жастарға түрлі сыйлықтар тарту етілді.
Айта кетейік, есірткі– адам ағзасын өте тез уландыратын аса қауіпті психикалық дерт. Оны әсіресе, жас ағзалар тез қабылдайды. Елімізде нашақорлыққа шалдыққандардың дені 15 пен 25 жас аралығындағы жастар. Есірткіге тәуелді жандар есірткіні жиі қабылдамаса тұра алмайды. Өйтпеген жағдайда, есінейді, денесі тырысып, көздерінен жас ағады, тамақ ішсе құсады, тәбеттері ашылмайды.
Есірткі – қасірет белгісі. Бұл «у» саған бір рет көріп тастап кететін дәмді дәрумен емес. Бір рет дәмін тату шыңырауға қарай қадам басу. Осыдан бастап, оның дәмін татқанға дейінгі өмірің қайта оралмайды. Адам оны бір рет қолданып көрсе, одан кейін де ағза қажет етіп отырады. Осылайша адам бірте-бірте есірткіге тәуелді бола бастайды.
Есірткіге құмарту – адам үшін де, оның отбасы үшін де ауыр қайғы. Осындай қасіретке жол бермеу үшін әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт. Өз отбасың, өз үйің әрқашан жылу тартып, жанға жақын болады. Өйткені, отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпағанымыз жөн.