Күтпеген кездесу

456

«Тағдырдың жазғанынан – озған ешкім жоқ» дейміз. Десе де, тағдырдың тосын сыйына дайынбыз ба?

Сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап драматург пен режиссер ысырылып, алаңда тек артист пен көрермен ғана қалады. Күллі ғаламнан алақанның аясына айналған сахнада болып жатқан оқиға көрерменмен етенеге айналса, демек, артистің еңбегі зая кетпегені.

Театр – қоғамның дерт дендеген тұсын ұлғайтып көрсететін айна. Себебі, қоғам мен театр – егіз әлем. Айналада болып жатқан өзгеріске үңіле мән беретін, жағымсыз жеріне жаны ауыратын, жөндеуге жанталасатын жанашыр – ол да театр. Қойылым үстінде сахнада болып жатқан қақтығыстан әр көрермен өз тағдырын немесе, етжақындарының басынан кешіп жатқан оқиғаларының ұлғайтылған түрін көргенде күледі, жылайды, күрсінеді. Өйткені театр – жүйке тамыры терінің бетіне орналасқан жанды организм.

Экономикаға байланысты көптеген мәселені үкімет деңгейінде көтеріп, ретке келуіне ықпал етіп жүрміз. Өйткені, мемлекет ісіне бейтарап қарамау азаматтық парызымыз деп санаймыз. Әйтсе де, көптің көмегін қажет етпейтін жайттар да бар. Ол – тағдыр. Ол – жеке адамдардың керенаулығы. Ол – эгоизм. Ол – боркеміктік. Ол – бейтараптық. Әсіресе, соңғысының салмағы ауыр. Жеке тағдырына бейтарап қараудың ақыры үлкен қасыретке апарып тірері һақ.

Театрдың шығармашылық арпалысы сағат тіліндей тоқтаусыз соққан кезде – сахна өмірі жалғаспақ. Оңтүстік өлкесінде кәсіби қоюшы-режиссердің жоққа пар екенін көпшілікке аян. Театрды шығармашылықтың жоқтығынан емес – тұратын үй мәселесінің жоғары деңгейде шешім таппауына орай тығырыққа тіреп отырған түйін. Ол түйінді шешуге театр дәрменсіз. Театрдың пәрмені – көрерменге жоғары деңгейдегі қойылым ұсыну.


Сол себепті жергілікті театрлар қоюшы-режиссерді алыстан ат арбалатып шақыртуға мәжбүр. Көрерменнің талабын биік деңгейде жүзеге асыру мақсатында шаниндіктер Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрының режиссері Ержан Қаулановты арнайы шақырды.

Қарашаның 15 күні Шанин театрының сахнасында Н.Птушкинаның «Күтпеген кездесу» атты комедиясының премьерасы өтті. Қоюшы режиссері Ержан Қауланов. Қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.


Көбіне қасымызда қосарланып жүрген жайтқа мән беруге мұршамыз келмей жататыны жасырын емес. «Бүгін болмаса — ертең боларды» тіреп қойып, өз көңілімізді өзіміз алдайтынымыз қаншама?.. Ертеректе он сегізден асып, оң жақта күйеуге тимеген қызды «іші түскен қауындай, отырып қалған кәрі қыз…» деп санаған. Жаһандану кезеңінде отыздан асып күйеуге шығу қалыпты салтқа айналып үлгерді. Өзгеге алаңдамастан өзін ғана сүюдің ақыры жалғыздыққа соғарын дер кезінде байқамауынан өзге мәжбүрліктен туындайтын, қызық қуумен отбасылық өмірге мойын бұрғызбайтын сияқты себеп-салдар тағы бар.
«Күтпеген кездесу» комедиясында осы қилы себептің бір қыры ашылады. Кезінде жалғызбастылықтан қашып, қызының күйеуге шыққанын қаламаған кемпірдің (ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспай) өксікке толы өкініші – бүгінгі күннің бір келбеті дерсің. Өз жайының жолында перзентінің жолын байлап отырған аналар қоғамда жеткілікті екені де рас.
Небәрі төрт артист ойнайтын қойылымның жанры комедия болғанымен, көтеріп тұрған жүгі ауыр. Сексен жастағы кемпірдің (ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспай) төсекке байланғанына он жылдан асқан. Өлерінің алдындағы жалғыз арманы — жасы елу тоғыздан асқан кәрі қызының (арт. — Н.Қаламбаева, Ж.Бекмұрзаева) күйеуге шыққанын көру.
Қызының есіл-дерті анасының қайғысыз кәрілікпен қоштасқаны. Анасының ойлағаны – қызының қасында тіреу боларлық еркектің болғаны. Диккенстің романын күнделік қызының оқығанын тыңдаудан жалыққан кемпір, өзімшілдікпен қызының тағдырына балта шапқанына іштей өкінеді. Жалғыз арманы – қызының отбасылы болғанын көруді ойлаумен жаны жүдейді. Таусыла бастаған үміт шырағын тосыннан тап болған Игорь (арт. — Р.Нұрман, Е.Аманғалиев) жағады.
Игордің пәтерден жаңылып келіп қалғанына кемпірдің жүрегі жарыла қуанады. Өйткені, қызының тілі бармайтын жайтқа өзі дем бермек. Тосыннан тап болған ерккетен алғашында шошып түскен Таня, сәлден соң үйінен Игорьді қуып шығады. Уақыт таразысында Таняның көңілі алаңдап, қуып жіберген еркекті жүрегі іздейтін күйге душар болады.
Қойылымның финалында бақытты шаңырақ көтерілгенін көрген көрермен, ду қол шапалақтап, орнынан тік тұра артистерге қошемет көрсеткен – қойылымның өз межесіне жеткенін айғақтап берді.
Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Жер бетіне келгенде адам, жұп болып өмір сүруі үшін жаратылған. Ендеше, жұпсыз жан қалмасын, барша отбасында бақыт орнасын деп тілелік.

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық
қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

«Оңтүстік Рабат», №47, 20 қараша 2019 ж